Тасқынды тоқтату? Логика мен математикалық тұрғыдан аз-кем ойлансақ жеткілікті – Ислам Әбішев

Азамат Қойшығара 02 апр. 2024 14:13 21538

Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің экс-төрағасы Ислам Әбішев Dalanews.kz тілшісіне еліміздегі қазіргі күрделі ахуалға қатысты пікір-пайымын жеткізді.

Ол су тасқыны халыққа өте ауыр тиіп жатқанын айтып, өзі өмірінде осындай үш су тасқынын басымнан өткізгенін атап өтті.

«Сондықтан халықтың қазіргі таңда қандай қиын күйді басынан өткеріп жатқанын түсінемін. Өйткені, осындай сәттерде тұрғындардың қасынан табылып, үй-жайын реттеп, машақаттарды еңсеруге бірге жұмылғанбыз.

Ал қазіргі ахуалға келсек, ешкімнің атын атап, түсін түстеп, кінәлаудан аулақпын. Десе де, өзімнің тәжірибеммен бөлісейін, қай аймақтағы су тасқынын алып қарасақ та, ағынның биіктігі 1-1,5 метрден артық емес. Енді осы тасқыннан құтылудың жолын іздесек, логика мен математикалық тұрғыдан аз-кем ойлансақ жеткілікті. Кез келген адам тауып алады. Қай аймақты алып қарасақ та, су деңгейі жаңағындай, 1-1,5 метр. Өзенге құяр тұстарында ғана осыдан биік шығар.

Тағы ойланайық, елді мекендер мен ауылдар қандай жерде орналасуы мүмкін? Көбіне қыраттарда, яғни бір жағы биіктеу, бір жағы төмендеу келеді, иә. Соның жоғары жағына – тау жақ беткейге қиялап бөгет орната сал. Бітті! Таудан түскен тасқын сол бөгетті жағалап, ауылды айналып өтіп кете береді. Ал ауыл ішіндегі қар сондай қауіп тудырмайды, жыра-жырамен ағып кетеді», - деді Ислам Әбішев.

Ол Батыс, Орталық Қазақстан аймақтарындағы қыраты жоқ, тегіс елді мекендер туралы да ойын жеткізді. Сала маманының пайымынша, ондай жерлерге айналдыра бөгет салу керек. Топырақ алынған арықты ауылдың сыртына қалдырып, ішкі жағын көлбеу қылған жөн. Содан соң, шөлге төзімді қарағаштарды отырғызып тастау қажет. Ол тұсқа су молынан жиналғандықтан, ағаштар жетіліп өсіп кетеді әрі бөгеттің бұзылмауына, топырақ эрозиясының болмауына септеседі.

«Үшінші, суға кеткен аудан орталықтары бар. Олардың қай-қайсында да жерінің жағдайына қарай пайда болатын қар мен жаңбыр суын түрлі тәсілдер арқылы бағыттап отыру керек. Облыс орталықтарында да сондай, қаңтар, ақпан айларынан судың жиналатын орындарын анықтап, нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл тұста судың жиналатын орнын, жер жағдайын анықтауда аса қаржы шығындап, қиналудың керегі жоқ, интернетті, ондағы спутниктік картаны пайдалансақ, жеткілікті. Барлығы дайын тұр. Тек атқарылуы тиіс жұмыс көлемін, барысын есептеп шығу керек. Қардың қалыңдығын, жаууы мүмкін жаңбырды, күрт ысып кетуі мүмкін температураны есепке алып, ол бір күнде немесе үш күнде, бір аптада ерісе, ахуалдың қалай өрбитінін модельдеу қажет. Егер қауіп болса, анықталған су жолдарына түрлі тосқауылдар қойып, тиісті іс-шараларды ұйымдастырған жөн. Әсіресе, суды қаладан немесе елдімекеннен алып шығатын жолдарды ойластыру керек. Содан соң су ағып кететін каналдар, арықтар, құбырларды қыс бойы, күн сайын тазалап отыруға кеңес беремін», - деді Ислам Әбішев.

Су ресурстары комитетінің экс-төрағасы қаланың ішіндегі қарды қаланың сыртына шығарып тастаудың маңызын да әңгімеледі. Кейде қалыңдығы 5 см қардың өзі қауіп тудырады. Жер тоңып тұрғанда, күн күрт ыситын болса, сол жұқа қардың өзі әбігерге салады екен.

«Бұл айтып отырғандарым – қиялдан туған дүниелер емес. 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысында алты ауданды су басты. Мен ол кезде Өскемен қаласының әкімі едім. Осы айтқандарымның барлығын мен қаңтар айынан бастап іске асырдым. Өмірі қары шығарылмаған Өскеменде мен қар шығара бастағанда, жергілікті тұрғындар әбден наразылық танытты. «Әбішев ақшаны жеп қойды, болмайтын іске жұмсады», дегендер көп болды. Облыс әкімі болған, марқұм Бердібек Сапарбаев та мені шақырып алып, қар шығаруды тоқтатуымды міндеттеді. Алайда, мен жұмысымды жалғастыра бердім, суағар құбырларға қатып қалған мұздарды күн сайын ерітіп, тазалап отырдым.

Наурыздың 20-сына таман ауа температурасы күрт көтеріліп, алты ауданды су басты. Ал Өскеменде бір тамшы су болған жоқ», - деді бұрынғы шенеунік.


Рекомендовать
Последние новости