ҚазҰУ-де он зертхана ашылды

Жарбол Кентұлы 29 мар. 2024 16:28 8261

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толуына орай, «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы ашылды. Жаңа ғылыми орталық құрамына Тұрақты даму мақсаттарын іске асыратын 10 инновациялық зертхана кіреді.
Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жасыл даму контексінде Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерін тұрақты дамыту: кешенді талдау, тұжырымдама, болжамдық бағалау және сценарийлер» нысаналы қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда.
Ғылыми орталық климат және модельдеу, цифрлық картография және қолданбалы геодезия, GlobalSky (атмосфералық зерттеулердің инновациялық зертханасы), тұрақты туризм, су ресурстарының сапасын талдау бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар ландшафттардың деградациясын геоақпараттық талдау, геодемографиялық және әлеуметтік-экономикалық зерттеулер, экологиялық қауіпсіздік, топырақ экологиясы, қоршаған ортаны бақылау шараларын іске асырады.
Орталықтың негізгі мақсаты – қоршаған ортаның жаһандық өзгеруі жағдайында табиғат пен қоғамның өзара іс-қимыл заңдылықтарын анықтау, Қазақстан өңірлерін тұрақты дамыту мақсатында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша жасыл технологияларды әзірлеу және енгізу.


Негізгі зерттеулердің ішінде: геожүйелердің, топырақтың, рельефтің және ландшафттардың табиғи және антропогендік динамикасы, табиғатты қорғаудың ғылыми негіздерін әзірлеу, тұрақты дамудың аймақтық ерекшеліктері, геоақпараттық технологиялар және картаға түсіру сияқты бағыттар бар.
Орталықтың ашылу салтанатына ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, РФ ғылым және жоғары білім вице-министрі Константин Могилевский, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қатысып, жаңа орталықтың университеттік ғылымды дамытуға қосатын қомақты үлесін атап өтті.
Сондай-ақ БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш, консорциумның мегагрант бойынша серіктестері, ғылым докторлары, профессорлар мен оқытушылар және жас ғалымдар қатысты.
Жаңа орталықты география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева арнайы таныстырды.
Айта кетейік, 2023 жылы ҚазҰУ-дың географ-ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 3,8 млрд теңге көлемінде мегагрант ұтып алды. Іске асырылып жатқан бірлескен бағдарлама Батыс Қазақстан өңіріндегі экологиялық мәселелер бойынша стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған. Жоба үш жыл ішінде іске асырылатын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі


Рекомендовать
Последние новости