2025 жылдың тамыз айында Қазақстанға 4 мың дана шағын энергетикалық генераторлардың әкелуі санкциялық тауарларды бақылап отыратын халықаралық топтардың күдігін туғызды. Қытайдан импортталған бұл тауарлар Ресейге реэкспорт емес пе және оның ішінде соғысқа қажет электроника жоқ па деген сұрақ туындаған. Жалпы 2025 жылдың басынан бастап Қазақстанға импортталған шағын генераторлар саны 6 мыңнан асып кеткен.
«Негізі Қазақстан санкциялық потенциалы бар тауарлардың қозғалысын өте мұқият бақылайды. Сыртқы бақылаушылар дата аналитика арқылы кеден статистикасындағы кез-келген аномалияны көре алады. Шынымен де, шағын генераторлар бойынша аномалия бар. Бірақ ол елдің ішкі шаруашылығына да қажет болуы мүмкін. Басты міндет - осыны дұрыс тексеріп, анық-қанығына көз жеткізіп алу» - дейді DALA INSIDE дереккөзі.
DataHub есебінше, 2025 жылдың тамыз айында елге келген 4 мың дана жел энергетикасы генераторлары бұған дейінгі (2022–2024 жылдар) үш жылды қосқандағы статистикадан да асып кеткен. Яғни осының алдындағы үш жылды қатар қосқанда импорттай алмаған көлем Қазақстанға бір айдың ішінде жеткізілген. Өткен тамызда әкелінген 4 мың қондырғының әрқайсысының орташа салмағы шамамен 1 тонна, ал орташа құны 5,9 мың доллар болған. Барлығы дерлік Қытайдың тауары. Бұдан олардың шағын қондырғылар екенін көруге болады.
«Украинаның Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына беріп жатқан соққысы өз апогейіне жеткендіктен, жел қондырғыларын Ресейдің алдағы қысқа дайындығымен де байланыстыруға болады. Бірақ бұл тек версия ғана», - дейді, дереккөз.
Ресми статистикада Қазақстанның бұл қондырғыларды Ресейге экспорттап жатқаны тіркелмеген. Демек, құжат бойынша шағын жел генераторларының барлығы біздің елдің аумағында қалып отыр.
Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бері Еуроодақ Қазақстанға санкциялық бақылауын сәл жұмсартты. Оған еліміздің кедендік рәсімдерді толық автоматтандырып, цифрлі таңба жүйесіне көшкені сеп болған. Қазіргі таңда Қазақстан үшін қайталама санкциялардың қаупі жоқ. Өз тарапынан Америка Құрама Штаттары да OFAC арқылы елімізге санкциялар ауылы алыс екендігін білдіріп отыр.