Тәлібтер өзбек-тәжік шекарасына жақын ауданды басып алды

Dalanews 04 авг. 2016 02:09 868

Өткен аптада "Талибан" қозғалысы ауғанстандық Құндыз провинциясына қарасты Калъаи Зол ауданын басып алды. Тәжікстанмен шекаралас бұл ауданға Өзбекстан шекарасы да жақын орналасқан. "Озодликпен" сөйлескен ауған билігі қазіргі таңда Құндыз провинциясының көптеген аудандары тәлібтердің бақылауына өткенін хабарлады.

Жергілікті билік мәліметі бойынша, 60 мыңнан астам тұрғыны бар Калъаи Зол ауданынан мыңдаған адам провинция орталығы - Құндыз қаласына және Ауғанстанның басқа да өңірлеріне босып кетті.

Өткен жылдың күзінде Құндыз қаласын "Талибан" содырлары аз уақытқа басып алған еді. Биыл сәуірде ауған үкіметі, АҚШ әскерінің көмегімен, Құндызға жасалған ірі шабуылдың бетін қайтара алды.

Шілденің басында АҚШ президенті Барак Обама 2017 жылдың басына қарай Ауғанстанда 8400 америкалық әскер қызметкері қалатынын мәлімдеді. Бұған дейін Өзбекстан президенті Ислам Каримов АҚШ бастаған коалиция күштерінің Ауғанстаннан шығарылуы бұл елдегі түрлі топтар арасында қайшылықты күшейтіп, ішкі жанжалды одан сайын ушықтырып жіберетінін бірнеше мәрте ескерткен болатын.

 

«ҚмД» ақпарат

Рекомендовать
Последние новости