Талдықорғанның 30 мектебінде жасөспірімдер тәрбиесі жөніндегі пилоттық жоба жұмыс істейді

Dalanews 31 окт. 2023 08:36 1575

Жетісу облысы басшылығының бастамасымен жүзеге асырылған оқушыларды адамгершілік-құқықтық тәрбиелеу жөніндегі пилоттық жоба Талдықорған қаласының 30 мектебін қамтып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың жеке тұлға ретінде дамуын және оларды әлеуметтендіруді менторлық сүйемелдеу арқылы өңірде бірыңғай тәрбие кеңістігін қалыптастыру, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әдеп-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобалық кеңсесі облыстық қоғамдық даму басқармасының базасында құрылған. Басқарманың мәліметіне қарағанда, облыс орталығының әрбір мектебінде педагогика, психология, құқық саласында білімі бар, сондай-ақ біліктілік талаптарына сәйкес келетін, арнайы оқу курсынан өткен мамандар менторлық қызметті жүзеге асырады. Әр мектепте 1 маманнан, барлығы 30 адам жұмыс істейді.

– Қазіргі уақытта қалалық мектептердің оқушылары ментор маманның кім екенін, оған сенуге және өзін алаңдатқан мәселелерін айтып, ой бөлісуіне болатынын біледі. Ментор кеңес береді, бағыттайды, мәселені шешу жолдарын ұсынады, қажет болған жағдайда әртүрлі қызмет салаларының мамандарын тартады. Осылайша, менторлар мектеп, ата-ана, жалпы қоғам мен балалар арасында ерекше көпір болып отыр, – дейді «Әдеп-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобалық кеңсесінің жұмысына жетекшілік ететін облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Түстікбаев.



Оның айтуынша, қазан айында менторлардың қатысуымен «Қауіпсіздік және құқық бұзушылықтың алдын алу» айлығы өтті, ал қараша айында «Білім беру» айлығы өтеді деп жоспарланып отыр.


Осыған байланысты желілік кестеге сәйкес Талдықорған қаласының оқушылары мен мұғалімдеріне Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес, есірткіге қарсы күрес бөлімдерінің, Талдықорған қалалық №1 емхананың мамандарымен бірлесіп, дәрістер өткізіледі.

Сонымен қатар шақырылған лекторлардың қатысуымен арнайы әңгімелесулер өткізу жоспарланған. Мысалы, жоба енгізіле бастағаннан бастап оқушыларға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, облыс прокуроры Мадияр Басшыбаевтың, «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюктің, дінтанушы, теолог, психолог Нұрлан Асановтың, «Қазақстан студенттер альянсы» республикалық студенттер қозғалысы» ҚБ төрағасы Ұлан Нәукеннің, шығыстанушы, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының жетекшісі, «Қуыскеуде» кітабының авторы Санжар Керімбайдың дәрістері ұйымдастырылды. Ал 1-3 қараша аралығында 225 оқушыға SDU, ҚБТУ, ҚазҰУ, ҚазҰПУ, Narxoz, ҚазҰМУ және еліміздің өзге де үздік жоғары оқу орындарына кәсіби бағдарлау экскурсиялары жоспарланған.

Еске салсақ, «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған ел Президентінің тапсырмаларын орындауға бағытталған «Әдеп-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобалық кеңсесі өз жұмысын осы оқу жылында бастаған болатын.

Жасөспірімдер тәрбиесінің өзектілігін ескере отырып, жобалық кеңсе өз жұмысында балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, нашақорлықтың, лудоманияның, суицидтің, буллингтің, кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінің алдын алу, жыныстық қол сұғылмаушылықты қалыптастыру (ерте жүктіліктің алдын алу), салауатты өмір салтын насихаттау, мамандық таңдау және кәсіптік бағдар беру, сонымен қатар шығармашылық ойлауды дамыту және қаржылық сауаттылықты арттыру бағыттарын негізге алуда.

Фотосуреттерді «Әдеп-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобалық кеңсесі ұсынды.

Рекомендовать
Последние новости