Талдықорғандық жастар «Taza El - Taza Bolashaq» атты экологиялық сенбілік өткізді

Ақтоты Жапатова 22 июл. 2025 10:52

Талдықорғанда жас буынның бастамасымен экологиялық сенбілік өтті. «Taza El - Taza Bolashaq» атты бұл акция жастардың туған қаласына деген жанашырлығын танытты. Іс-шара елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Сенбілікке «Жасыл Ел» жасақтары мен «Талдықорған жастары» қалалық жастар орталығының қызметкерлері, еріктілер мен белсенділер қатысты. Олар «Оқушылар сарайы» мен Жастар орталығының айналасын тазалап, қоқыс жинап, айналаны ретке келтірді.

Іс-шараның басты мақсаты - табиғатты қорғау мен айналаны таза ұстауға үндеу ғана емес, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.

Қалалық жастар орталығының жетекшісі Еркебұлан Жақан бұл жолы тазалық жұмыстарын қала орталығынан бастау туралы шешім қабылдағандарын айтты.

«Біз Қаратал мен Балықты өзендерінің жағалауларын жиі тазалаймыз. Алайда бұл жолы өз ауламыздан, яғни Оқушылар сарайы мен Жастар орталығы маңынан бастауды жөн көрдік. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, тазалық – ең алдымен, өз үйің мен аулаңнан басталуы керек. Біз осы ұстанымды қолдаймыз», – деді ол.

Сонымен қатар «Талдықорған жастары» орталығы әлеуметтік жобалар аясында NEET санатындағы жастармен де жұмыс істейді. Бұл – білім алмайтын және ресми түрде жұмыс істемейтін жастар тобы. Қалада олардың саны шамамен 2000-ға жуық.

«Біздің мақсатымыз – бұл жастарды қоғамға бейімдеу, түрлі спорттық, шығармашылық және кәсіптік жобаларға тарту. Әр жас азамат өз қабілетін ашып, қоғамнан орнын таба алады деп сенеміз», – дейді Еркебұлан Жақан.


Рекомендовать
Последние новости