Қазақстанның халық жазушысы, белгілі драматург және талантты сазгер Исраил Сапарбай 85 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаралы хабарды Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Facebook парақшасында хабарлады.
"Бүгін таңсәріде суық хабар жетті. Таңғы төрттің шамасында Исраил Сапарбай ағамыз Қаскелеңдегі қара шаңырағында, отбасы мен бала-шағасының көз алдында ауыр науқастан қайтыс болды. Бұл жайында маған ұлы Нұрлан Исраилұлы хабарлады", – деп жазды Бегманов.
Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Исраил Сапарбайдың артында сыршыл өлеңдері, жүрекке жол тапқан сазды әндері мен театр сахнасында өз орнын тапқан пьесалары қалды. Ол қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, есімі ел жадында сақталатын тұлға.