Талдықорғанда әлеуметтік осал топтарға 60 пәтерлі жаңа үй табысталды

Ақтоты Жапатова 23 мая 2025 14:30

Бүгін Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында 60 пәтерлі тұрғын үй кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға берілді. Пәтер кілттерін жаңа қоныс иелеріне облыс әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Қалалықтарды жаңа пәтерне ие болуымен құттықтаған облыс әкімі тұрғын үймен қамтамасыз ету халықтың өмір сүру сапасын көтеруге тікелей әсер ететін игілікті іс екенін, бұл Президенттің қойып отырған басты талаптарының бірі екенін атап өтті.

- Біз мемлекеттік бағдарламалардың және демеушілердің қолдауымен біз қазір тұрғын үймен қамту мәселесіне ерекше назар аударып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары қалада тұрғын үй беру қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның арқасында өткен жылдың қорытындысы бойыша Талдықорғанда тұрғын үй кезегіндегілер саны 8,3% азайды. Бүгінгі 60 пәтерлі үйді қоса алғанда, жыл басынан бері 368 отбасы баспанаға қол жеткізді. Ал жыл соңына дейін қалада 1520-дан астам отбасы үйлі болады, - деген Б. Исабаев бұдан әрі салтанатты түрде кілт тапсыру рәсімін атқарды.

Бүгінгі беріліп отырған 60 пәтерлік үйді «Самұрық Қазына» АҚ қаржысына салынған. Бұл 5 қабатты үйде 1 және 2 бөлмелі әрқайсысы 15 пәтерден, 3 бөлмелі 30 пәтер бар.

Жаңа қонысқа ие болғандардың бірі көп балалы ана Эльмира Көбегенова да бар.

- Көп балалы отбасы ретінде он жылдам астам уақыт кезекте тұрдық. Төрт балам бар, екеуі мектепте оқиды. Өзім аспаз болып жұмыс істеймін. Бүгін, міне, 2 бөлмелі пәтерге ие болып отырмыз. Әулетіміздің қуанышында шек жоқ. Осындай қуаныш әр отбасына жұғысты болсын, - деді көп балалы ана.

Осы күні талдықорғандық азамат, ІІ топтағы мүгедек жан Қанат Қанатқан да үйлі болды.

- Отбасында екі қыз, бір ұлымыз бар. Бүгін жалғыз ұлымыз Қанат жаңа пәтерге қол жеткізді. Өзі 2010 жылы кезекке тіркелген еді. Бұған дейін Өтенай ауылында тұрдық. Енді бәріміз бірге осы үйде тұратын боламыз. Қанат әлі үйленген жоқ, енді үйлі болғаннан кейін бас құрап, отау көтерсе деген тілегіміз бар, - дейді Қанаттың анасы Сәуле Байжұманова.

Жалпы облыс құрылғаннан бері өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен шамамен 1 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, қабылданған шаралардың арқасында  кезекте тұрған 5735 азамат үйлі болды, ал биыл барлық бағыттар бойынша тағы 2026 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.


Рекомендовать
Последние новости