Тағы бір әскери қызметкер көз жұмды

Сағыныш Сардарова 08 нояб. 2024 11:13 2578

7 қарашада Шекара қызметі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қайтыс болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша өлім себебі – суицид.

Полиция органдары Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Айта кетейік,жуырда ОКҚ брифингінде Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Руслан Омаров Қазақстан әскерінде әлімжеттік жоқ екенін мәлімдеді.

"Қазір әскерде "дедовщина" жоқ екенін түсіну керек. "Дедовщина" ұғымы аға және кіші шақырушылар арасындағы келіспеушіліктерді білдіреді. Қазір қарулы күштер мен басқа да әскери қызметтерде әскерге шақырылушылардың бір ғана өкілдері шұғыл қызмет атқарып жатқанын ескерсек, "дедовщина" туралы сөз қозғамауымыз керек", - деді Омаров.

Бір ғана қыркүйекте әскери салада бірнеше қайғылы оқиға болды:

7 қыркүйекте Маңғыстау полигонында мерзімді әскери қызметші жарақат салдарынан көз жұмды. Жауынгерді взвод командирі атып өлтірген. Қайтыс болған сарбаздың әкесі Қорғаныс министріне бейнеүндеу жолдады. Қорғаныс министрлігі кейінірек кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.

16 қыркүйекте Қазақстанның оңтүстігіндегі Арыс гарнизонының әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі травматикалық қарудан жарақат алды.

19 қыркүйекте Аягөзде әскери қызметшінің денесі табылды. Әскери гарнизонның алдын ала мәліметтері бойынша офицер өз-өзіне қол жұмсаған.

22 қыркүйекте Петропавлда келісімшарт бойынша әскери қызметкердің денесі табылды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

30 қыркүйекте Ақтауда декреттік демалыстағы әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Марқұм 39 жаста болған, оның денесі өз пәтерінде табылған. 

Ресми мәліметіке сүйенсек, кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған.

Ашық дереккөз мәліметтері бойынша өлім-жітімнің көп тараған себептері: ауру – 36 пайыз, жол апаттарының салдары – 24 пайыз, суицид – 20 пайыз.


Рекомендовать
Последние новости