Синтетикалық есірткі заманның дертіне айналды. Арнайы құжат қашан қабылданады?

Dalanews 04 мая 2023 05:52 1270

Жақында өткен Үкімет отырысында Есірткі және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жобасы жан-жақты талқыланды. Өйткені, соңғы жылдары есірткіні қолдану мен таратудың кең етек жаюы байқалады. Әсіресе, анашаның синтетикалық түрін пайдаланушылар қатары да, таратушылар да тез өсуде. Интернет, пошта қызметтері, цифрлық төлемдер және «бетбелгілер» сияқты заманауи әдістердің арқасында бұл препараттарға қол жеткізу, тіпті оңайлап кетті. Бұл дегеніңіз дистрибьюторлар мен сатып алушылар арасындағы ең аз физикалық байланысты қамтамасыз етеді. Ал осындай шаралар құқық қорғау органдары қызметкерлеріне осы әрекеттерге жауапты күдіктілерді табуда қиындықтар туғызып жатыр.

– Есірткі сайттары мен ұқсас жарнамаларды анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қатысты ақша аударымдарына тыйым салу мәселелерін пысықтау шараларын қабылдау қажет. Банктер бұл күдікті транзакцияларды көріп отыр, мұндай аударым арқылы есірткі арнасын анықтауға болады әрі бұл уақыт күттірмейтін шаруа, – деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, Премьер-Министр тек құқық қорғау шаралары есірткі мәселесін түбегейлі жоймайды деп санайды, өйткені сұраныс бар жерде ұсыныс та толастамақ емес. Сондықтан нашақорлық мәселесіне мемлекеттік органдар, үкіметтік емес бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер мен отбасылар сияқты түрлі ұйымдар мен мекемелерді тарта отырып, кешенді түрде қарау қажет. Олардың бірлескен жұмысы қоғамдағы есірткіге мүлдем төзбеушілікке бағытталуы тиіс.

Үкімет басшысы нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін білім беру ұйымдарында профилактикалық іс-шараларды кеңінен жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, нашақорларды емдеу, оңалту және қоғамға реинтеграцияда көмек көрсету тәсілдерін жетілдіру қажет.

– Тәуелділіктен емделушілер қоғамнан бөлініп, оқшауланып қалмауы керек. Бұл жерде емделуге мотивация ғана емес, сонымен бірге осы адамдарды одан әрі әлеуметтендіру қажет. Бұл бағытта Денсаулық сақтау және Еңбек министрліктерінің күш-жігерін, мүкіндіктерін біріктірудің маңызы зор. Олар тиісті шаралардың жоспарын ұсынуы тиіс, – деді ол.


Үкімет басшысы есірткіге қатысты қылмыстарды тергеп-тексеру жоғары сапалы және тиімді деңгейде жүргізілуі үшін сот-сараптама ұйымдарын қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етудің маңыздылығын да жеткізген. Смайылов соңында «Есірткіге қарсы кешенді жобаны тез арада келісіп, оны жүзеге асыруды бастау керек» деп қосты.

Өкініштісі, қазіргі таңда есірткіге еліткендердің қатарында мектеп жаныдағы оқушылар да аз емес. Сол себептен де Ішкі істер министрлігінің басшысы мектеп оқушыларының арасында есірткі қолдану фактілерін анықтау мақсатында есірткі скринингін енгізуді ұсынып отыр.

– Мамандардың айтуынша, нашақорлардың нақты саны ресми деректерден 5 есе көп. Толық есепті шығару үшін әртүрлі көздерден ақпарат алу қажет. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда студенттер арасында да есірткі қолдану фактілері жиі анықталуда. Сондықтан алдағы уақытта скринингтік жүйені енгізу жоспарлануда, – деді министр Марат Ахметжанов.


Оның айтуынша, бұл қоғамдағы нашақорлық деңгейін объективті бағалауға, сондай-ақ, әсіресе жасөспірімдер арасындағы нашақорларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің дерегінше, бүгінгі таңда Қазақстанда 18 243 есірткіге тәуелді адам тіркелген, оның ішінде 1 498-і әйелдер болса, 97-сі кәмелетке толмағандар екен. Ал бұл Қазақстанда есірткінің таралуы бұрын-соңды болмаған мөлшерге жеткенін көрсетеді. Сондай-ақ ол бүгінгі күні биологиялық ортадағы психоактивті заттарды анықтау жұмысқа, оқуға түскенде, жүргізуші куәлігін алған кезде, қару алып жүруге және сақтауға рұқсат алған жағдайда бір рет жүргізілетінін еске салды.

– Профилактикалық тексерулер кезінде жұмыс істейтін жастарды, қоғамдық көлік жүргізушілерін, құқық қорғау органдары қызметкерлерін және әскери қызметшілерді топтарға бөлу туралы заңнаманы қарастыру жоспарлануда. Дүниежүзілік тәжірибе есірткіге міндетті тестілеу жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығын бұзатынын көрсетеді. Сондықтан, параллельді түрде ішімдік пен психоактивті заттарға қатысты скринингтік сауалнаманы қолдануды кеңейту көзделіп отыр. Скринингтің бұл түрі адам құқығын бұзбайды, қолжетімді және арзан, сонымен қатар аталған халықтың барлық топтарына жарамды, – деді Денсаулық сақтау вице-министрі.

Құқық қорғау органдары да есірткімен күрес жұмыстарында әрекетсіз дей алмаймыз. Сала мамандары 1500-ге жуық сайтты бұғаттап, бұл мәселемен белсенді түрде күресуде. Дегенмен, нашаны насихаттап, тарататын интернет көздері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай пайда болуын жалғастыруда.

Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымы - барлық жерде кездесетін құбылыс. 2022 жылы Ішкі істер министрлігі дәрі-дәрмек сататын 1 996 сайтты бұғаттауға жіберді, оның 1 493-і бұғатталған.

Аумақтық бөлімшелер есірткі заттарын таратқаны үшін 632 адамды ұстады, оның ішінде сайт әкімшілері, операторлар, ораушылар, ломбардтар, курьерлер, есірткі зертханаларын ұйымдастырушылар мен трафаретшілер бар. Сондай-ақ мессенджерлерде 84 интернет-дүкен мен чат-боттар табылған. Ішкі істер министрлігі есірткінің жарнамасы көбінесе «жеңіл» ақша ұсыныстарының астында жасырылатынын, сондықтан жасөспірімдердің интернетке қол жеткізіп, қылмыскерлердің ықпалына оңай түсіп қалатынын түсіндірді.


Ішкі істер министрлігінің мамандары есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын сайттарды, жазбаларды, блогтарды және жарнамаларды анықтау үшін интернет кеңістігін тұрақты бақылайды.

Заманның дертіне айналған есірткі бизнесімен күрес туралы Мәжілісте де талқыланып жатыр. Бір топ депутат, әсіресе синтетикалық есірткімен күресуге қатысты 11 бастама ұсынды. Олардың пайымынша, уақыттың өзекті әрі қауіпті мәселелерінің бірі – ел аумағында синтетикалық есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл шараларын жедел қабылдау қажет. Қайғы мен қасірет тудыратын бұл құбылыс жастарымызға ғана емес, жалпы қоғамымызға, мемлекетімізге кері әсерін тигізеді. Бұл өскелең ұрпақтың өмірін тез және аяусыз жойып, олардың жақындарын дәрменсіздік пен үмітсіздікке алып баратын у.

– Ресми статистикаға сәйкес, республикада тәркіленген синтетикалық есірткілердің саны жыл сайын артып келеді, бұл «дәстүрлі» есірткінің синтетикалық аналогтарымен белсенді түрде ауыстырылып жатқанын көрсетеді. Мәселен, 2019-2021 жылдары Ішкі істер министрлігі 263,6 келі синтетикалық есірткіні тәркіледі, оның «қара нарықтағы» құны 5,1 миллиард теңгеден асуы мүмкін. Осы жылдың басынан бері заңсыз айналымнан жалпы құны 1,7 млрд теңге болатын 88 келіден астам синтетикалық есірткі анықталды, – дейді мәжілісмен Динара Шүкіжанова.

Оның сөзіне қарағанда, жастар арасында - 15 жастан 28 жасқа дейін синтетикалық есірткінің дәстүрлі есірткіні алмастырған қолжетімділігі мен арзандығынан танымал болуы ерекше алаңдаушылық тудырады. Негізінен бұл қылмыстарды 21 мен 29 жас аралығындағы адамдар жасайды. Санмен айтатын болсақ, осы жастағы азаматтар 5343 қылмыстық іске себепші болған, бұл - тіркелген есірткі қылмыстарының 15,5 пайызы.

Тұтынылатын психоактивті заттар бойынша жаңа, «синтетикалық есірткі» деп аталатындарға тәуелді адамдар санының өсу үрдісі де анық байқалады. Алты жыл ішінде бұл контингент балалар мен ересектер арасында 17 еседен астам өсіп үлгерген. 2017 жылы осындай есірткіге тәуелді 40 науқас болса, бұл көрсеткіш 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 694-ке жеткен.

– Есірткі саудагерлері жергілікті «синтетика» өндірісін белсенді түрде жолға қойды, бұған жойылған есірткі зертханаларының өсу динамикасы куә. 2018 жылдан 2022 жылға дейін Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК 106 есірткі зертханасының жұмысын тоқтатқан. Олардан 654,1 кг синтетикалық препараттар тәркіленді, – деді Мәжіліс депутаты.


Алғаш рет синтетикалық есірткіге қарсы күрес тақырыбы Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің сайтында 2022 жылдың тамыз айында көтерілген екен. Кейіннен «синтетикаға» қарсы іс-қимыл мәселесі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында көтеріліп, Президенттің сайлауалды тұғырнамасына енгізілді. Осы стратегиялық құжаттар аясында жоғарыда айтқан Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді.

Айта кетерлігі, 2016 жылдан бері мұндай жоспар болмаған. Осылайша, Жастар саясаты жөніндегі кеңес негізгі басқармалардың жұмысын біріктіріп, жүйелі жұмысқа серпін берді.

Алайда бұл Кешенді жоспар әлі қабылданған жоқ. Жоспарды бекіту кешіктіріліп жатыр. Осы жоспарды қабылдауға және жүзеге асыруға кедергі келтіретін мәселелерді қарастыру қажет болса, онда мүдделі ұйымдар мен мекемелерден, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелерінен тұратын жұмыс тобын қайта құру қажет. Бәлкім, маңызды құжаттың қабылданбауына мүдделілер де бар шығар...

Асхат РАЙҚҰЛ

Рекомендовать
Последние новости