Су үнемдеу технологиялары агроөнеркәсіптің дамуына жаңа серпін берді — сарапшы

Қаракөз Амантай 29 окт. 2025 14:01

Қaзақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды бағыттарының бірі - су ресурстарын тиімді пайдалану және суармалы жерлердің өнімділігін арттыру. Кейінгі жылдары бұл салада нақты құрылымдық өзгерістер орын алып, елдің су саясаты жаңа деңгейге көтерілді. Мемлекетаралық су қарым-қатынастары бойынша сaрaпшы Құралай Қалмағанбетқызының айтуынша, саланың даму қарқынына Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы үлкен серпін берген. Бұл туралы ол Dalanews.kz редакциясына берген сұхбатында мәлімдеді.

"Су ресурстары және ирригация министрлігі 2023 жылдың қыркүйегінде құрылды. Бұған дейін су сaлaсы түрлі ведомстволардың құрамында болып келген еді. Дербес министрліктің құрылуы саладағы басқару жүйесін нығайтып, бір орталықтан үйлестіру мүмкіндігін берді", – дейді сарапшы.

Жаңа министрлік құрылған соң Су ресурстарын басқару концепциясы (2024) және жаңа Су кодексі (2025) қабылданды. Бұл құжаттар еліміздегі су саясатының стратегиялық бағытын айқындап, көптеген нормативтік-құқықтық актілерді жаңартуға жол ашты.

Сaрaпшының сөзінше, осы реформалaр аясында қаржыландыру жүйесі де жетілдіріліп, материалдық-техникалық база жаңартылып жатыр. Мұның бaрлығы ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану мен жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік туғызған.

"Бұрынғыдай ведомствоаралық үйлесімсіздік азайды, су саласының даму бағыты айқындалды. Енді министрлік тек нормативтік емес, нақты өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды да іске асырумен айналыса алады", – дейді Қалмағанбетқызы.

Жалпы, саланың институционалдық тұрғыда күшеюі агроөнеркәсіп кешеніндегі көптеген түйткілдердің шешілуіне әсер етіп жатыр. Су ресурстарының тиімді басқарылуы егін мен мал шаруашылығының, жалпы ауыл экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болып отыр.

Су үнемдейтін технологиялар шаруаларға қолдау көрсетуде

Су ресурстарын басқару саласындағы реформалар ауыл шаруашылығында да өз жемісін бере бастады. Кейінгі жылдары су үнемдейтін және цифрлық технологиялар кеңінен қолданысқа еніп, егіншілік тиімділігі артты.

Сарапшы Құралай Қалмағанбетқызының айтуынша, егіндік жерлерде мелиорациялық іс-шараларды дұрыс жүргізу суды үнемдеуде шешуші рөл атқарады.

"Оңтүстік өңірлерде жерді лазерлік тегістеу технологиясы кеңінен қолданыла бастады.Егер 2015 жылы бұл пилоттық жоба ретінде бар болғаны 15 гектарда ғана жүзеге асса, 2025 жылы 60 мың гектарға жетіп отыр. Сондай-ақ тамшылатып суару тәсілі де кең тараған. Мұндай технологияларды енгізген шаруашылықтарға мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған", – дейді сарапшы.

Бұдан бөлек, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтудан гөрі, қолданыстан шығып қалған жерлерді қалпына келтіру және қолданыстағы жерлерді тиімді пайдалану бағыты басымдыққа ие болып отыр.

"Ауыспалы егіншілікті сақтау мен мелиорациялық жүйелерді жетілдіру жердің құнарлылығын арттыруға және өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді", – дейді Қалмағанбетқызы.

Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жаңарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл – судың ысырап болуын азайтып, топырақтың тұздану қаупін төмендетеді.

Су тапшылығына қарсы кешенді шаралар

Су тапшылығын болдырмау мақсатында мемлекет көршілес елдермен трансшекаралық өзендер бойынша келісімдерді жетілдіруде.

"Қазақстандағы сегіз өзен бассейнінің жетеуі трансшекаралық болғандықтан, халықаралық ынтымақтастық бұл салада ерекше маңызға ие", – дейді сарапшы.

Сонымен қатар су ресурстарын басқаруда смарт-суару, датчиктік жүйелер мен цифрлық мониторинг элементтері кезең-кезеңмен енгізіліп жатыр. Бұл жүйелер судың нақты көлемін есептеуге және шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда агроөнеркәсіп саласы суды тиімді пайдалану арқылы жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Цифрландыру, жаңа технологиялар мен мелиорациялық жобалар ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың нақты құралына айналған.


Рекомендовать
Последние новости