СҚО-да су тасқыны қаупі бар аймақтар дрондармен бақыланады

Ақтоты Жапатова 26 мар. 2025 12:46 503

Солтүстік Қазақстан облысында тасқын кезеңінде «Біртұтас дрон инфрақұрылымы» жобасы іске қосылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл жоба Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асты. Аталмыш жоба өңірге жұмыс сапары кезінде Премьер-Министр Олжас Бектеновке таныстырылды. Бүгін жобаның жүзеге асуымен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов СҚО әкімдігі жанындағы жаңа ситуациялық орталықта танысты. Бұл  «Қазақтелеком»  мен СҚО әкімдігінің бірлескен жобасы. 

Дрондар арқылы тасқын жағдайы тәулік бойы, нақты уақыт режимінде бақыланады. Барлығы 8 дрон су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды әуеден бақылауда:

  • Шағалалы өзені, Тайынша қаласы;
  • Тоқсан би, Мүсірепов ауданы;
  • Сергеев су қоймасы;
  • Покровка, Есіл ауданы;
  • Новоникольское көпірі;
  • Тепличное және Прибрежное;
  • Большая Малышка;
  • Петропавлдағы Заречный, Былғары кенті, Ущев, 0,8 км.

"Дрондар автоматты зарядтау жүйесімен, жылу бейнелеу жүйелерімен жабдықталған, бұл олардың кез келген жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Олар су деңгейінің өзгерісі мен мүмкін болатын қауіптер туралы жедел ақпаратты әуеден жеткізеді, бұл қызметтерге тез әрекет етуге және жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Дрондарды пайдалану тасқындарды болжау дәлдігін жақсартып, өңір тұрғындары үшін ықтимал зардаптарды азайтуға мүмкіндік береді", - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.

СҚО әкімдігі жанындағы ситуациялық орталық барлық ақпараттық жүйелерді біріктірген негізгі аналитикалық және үйлестіруші буын. Мұндай тәсіл нақты уақыт режимінде көптеген бағыттар бойынша жағдайды бақылауға және барлық мемлекеттік органдардың әрекеттерін үйлестіруге мүмкіндік береді.


Рекомендовать
Последние новости