2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, акциялар нарығын капиталдандыру 39,6 трлн теңгені құрап (2025 жылдың басынан бастап 20,4%-ға өсті) тамызда 5,1%-ға өсті. Негізінен ол KASE индексінің, Kaspi.kz (+6,6%), "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК (+8,7%) және ForteBank (+15,5%) сынды өкілдік тізіміне кіретін акциялар бағасының өсуі есебінен орын алды, деп хабарлайды Dalanews.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған мәліметтерге сүйене отырып.
KASE индексі 2025 жылғы тамызда 9,0%-ға 6 993,05 тармаққа дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан бастап 25,4%-ға өсті).
Акциялармен сауда-саттық көлемі негізінен ForteBank және "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК акцияларымен сауда-саттық көлемінің төмендеуі есебінен бір айда 12,2%-ға азайып, 2025 жылғы тамыз айында 24,8 млрд теңгені құрады.
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, KASE-дегі сауда тізімдерінде 76 эмитенттің 89 атауының акциялары,оның ішінде 2 эмитенттің 2 атауының акциялары "Листингтік емес бағалы қағаздар" секторында айналысқа жіберілді.
"KASE Global" секторында 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, 47 атаудағы акциялары және 59 шетелдік эмитенттің 18 ETF болды. Бұл сектордағы сауда-саттық көлемі бір айда ProShares Trust, Intel Corporation, NVIDIA Corp., Advanced Micro Devices, Inc. акцияларымен сауда-саттық көлемінің өсуі есебінен 30,1%-ға ұлғайып, 2025 жылғы тамызда 17,7 млрд теңгені құрады.
KASE-де саудаланатын корпоративтік борыштың көлемі 2025 жылғы тамызда 0,3%-ға 14,0 трлн теңгеге дейін азайды (2025 жылдың басынан бастап 1,9%-ға өсті).
KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 2025 жылғы тамызда негізінен қайталама нарықтағы сауда-саттық көлемінің өсуі есебінен алдыңғы аймен салыстырғанда 34,0%-ға 496,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша KASE сауда тізімдерінде 137 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 609 шығарылымы болды.
2025 жылғы тамызда корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының көлемі 339,9 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылғы шілдедегі көрсеткіштен 8,1%-ға артық.
KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш 2025 жылғы тамызда 1,6%-ға 30,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан бастап 11,1%-ға өсті).
KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 2025 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша 7,5%-ға ұлғайып, 791,2 млрд теңгені құрады. МБҚ бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 8,2%-ға азайып, 671,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде он екі облыс әкімдігі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде 81,0 млрд теңге тартты. ҚР Қаржы министрлігі жылдық 16,75-17,00% өтеуге кірістілігімен 590,6 млрд теңге тартып, облигациялардың 8 шығарылымын орналастырды.
Ұжымдық инвестициялау нарығында 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 58 инвестициялық пай қоры, оның ішінде 24 аралық, 33 жабық және 1 ашық пай қоры жұмыс істеді.
Инвестициялық пай нарығындағы басқарудағы активтер 2025 жылғы тамызда 0,9%-ға ұлғайып, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 381,2 млрд теңгені құрады. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бағалы қағаздар портфелі 320,1 млрд теңгені немесе инвестициялық пай қорларының жиынтық активтерінің 84,0%-ын құрады.
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығының институционалдық құрылымына 42 брокер мен дилер (16 банк және 26 банктік емес ұйым), 11 кастодиан-банк, 21 инвестициялық портфельді басқарушы, 4 трансфер-агент, сондай-ақ 3 инфрақұрылымдық ұйым: KASE, KASE Клирингтік орталығы және бірыңғай тіркеуші мен сауда репозиторийінің функцияларын орындайтын Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі кірді.
2025 жылғы тамызда Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі шоттардың саны 3,0%-ға ұлғайып, 4 459,6 мың шотты құрады, оның ішінде:
- депоненттер клиенттерінің қосалқы шоттарының саны 694,3 мың қосалқы шотқа дейін 1,3 мыңға немесе 0,2%-ға ұлғайды (2025 жылдың басынан бастап 8,9 мыңға немесе 1,3%-ға өсті);
- брокерлер ашқан және жинақталған омнибус-шоттар арқылы есепке алынатын дербес шоттардың саны 3 765,3 мың шотқа дейін 128,5 мыңға немесе 3,5%-ға ұлғайды (2025 жылдың басынан бастап 949,9 мыңға немесе 33,7%-ға өсті).
Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың активтері 2025 жылғы тамызда негізінен РЕПО операциялары есебінен 4,1%-ға ұлғайып, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 585,0 млрд теңгені құрады (2025 жылдың басынан бері 24,0%-ға төмендеді). Міндеттемелер РЕПО операцияларының өсуіне байланысты 7,0%-ға 151,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды (жыл басынан бері 37,1%-ға төмендеді). Меншікті капитал бөлінбеген пайданың өсуі нәтижесінде 3,1%-ға 433,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан бері 18,0%-ға төмендеді).