Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бас прокуратураға арыз жазды. Ол "СҚ-Фармация" ЖШС, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы, Бірыңғай дистрибьютор және еліміздегі фармацевтикалық компаниялардың қызметіне қатысты тексеріс жүргізуді сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, бұған дейін берген уәдесінде тұрып, Жоғары аудиторлық палатаның аудит қорытындысында мемлекетке айтарлықтай залал келтірген заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін Бас прокуратураға төрт өтініш жолдамақ:
- "СҚ-Фармация" ЖШС мен фармацевтикалық индустрия субъектілерінің қызметіне қатысты;
- ӘМСҚ (МӘМС) және медициналық ұйымдарға қатысты;
- Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияларға қатысты;
- 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі Үкімет есебі бойынша бірқатар министрлікке қатысты.
"Кеше Бас прокуратураға "СҚ-Фармация" ЖШС мен фармацевтикалық сала субъектілеріне қатысты алғашқы өтінішім жолданды. Өтінішімді әріптесім Мұрат Әбенов қолдап, бірге қол қойды. Прокуратура органдары тарапынан фармацевтикалық салаға ауқымды тексеріс жүргізіледі, құқық қорғау органдары тарапынан соталды тергеулер, сондай-ақ, сот процестері болады, қамауға алынады деп күтеміз", - деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін депутат МӘМС-ке қатысты Бас прокуратураға арыз дайындап жатқаны белгілі болды.