Спортшылардың арасындағы әсіре діншілдікті астын сызып қарау керек - теолог

Сағыныш Сардарова 19 мар. 2024 12:42 6298

Танымал теолог Жандәулет Сүлейменов спортшылардың арасында әсіре діншілдерді тексеру керек екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, салафиттер әртүрлі жолмен кірді. Тіпті олардың да старатегиялық бағдарламалары бар.

"Салаффіз деп жаһанға жар салғандар ешқашан салаф бола алмайды. Салафтар өтіп кетті, Ислам тарихында аттары жазылды. "Ақидамыз дұрыс жолда" деп үй ішінен үй тігіп, солай жікке бөлініп басталды. 

Бізге қайырымдылық жолмен де келді. Медреселер, оқу орындарын ашты. Бірінші кезеңде байқамадық, екінші кезеңде байқадық. Сол кезде кіріп, кітаптар таратты. Әртүрлі қайырымдылық іс-шараларын өткізді. Адамның әлеуетін пайдалана отырып кірді. Қазір интернет арқылы әлі де жүріп жатыр.

Жалпы олар бес бағытпен жұмыс жасады. Менің талдауымда ол кезде, 10 жыл бұрын 16 миллион болған шығармыз. Олар тектен-тек жинала салған нәрсе емес. Біздің 2030, 2050 деген бағдарламамыз бары секілді, оларда да бар. Сондай бағдарламамен Орта Азияға, Қазақстанға да, Өзбекстанға да кіргізді", - дейді сарапшы Ne boldy-ға берген сұхбатында.

Сонымен қатар, Жандәулет Сүлейменов теріс ағым өкілдері кімдерді бірінші тартқанын ашық айтты.

"Әртүрлі позициямен біздің елімізге кірді. Бірінші бай қуатты, ақшалы, қалталы адамдарды тартуға тырысты. Өйткені ақша арқылы көп нәрсе жасауға болады. Екіншісі - мемлекеттік қызмет саласы, әскери болсын, әкімдік қызметкері болсын. Өйткені сауат, құжат, құқықтық, стратегиялық жағынан көп көмек береді. Үшіншісі - өнер адамдары. Оны айтып керек емес, халықтың барлығы біледі. Төртіншісі - спортшылар. Маған мүмкіншілік берілсе, осы спортшыларды қарау керек. Спортшылардың ішіндегі әсіре діншілдікті өте қатты қарау қажет. Астын сызып тұрып қарау керек.

Өйткені ол жерде проблема жатыр. Солармен жұмыс жасау керек. Өйткені олар мемлекеттің атын шығарып жүр. Менің пайымымда кез келген адам елдің атын таныта берсін, бірақ оның түпкі ниетінде радикалды деструктивті бағыт отырса, ол болашақта бізге опа бермейді", - деді ол.

Сарапшы мұндай түсініктегі адамдар кейбір мәлімдемелерімен ел ішіне іріткі салатынын да жеткізді.

"Көк Туды желбіретіп, Әнұран қосылған кезде кеудеге қолды қоймау тенденциясы бар. Бізге сондай көп сұрақпен келеді. Олардың түсінігінде жүрекке қойып, Әнұран айтсаң, ол - "ширк", Құдайға ортақ қосу. Тауып алған осындай дұрыс емес нәрселері көп: бет сипауға болмайды, келін сәлем салуға болмайды. Халықтың ішіне іріткі салып... Онда тұрған ештеңе жоқ. Қарапайым мәселе", - дейді теолог Ne boldy-ға берген сұхбатында.


Рекомендовать
Последние новости