"Спорт саласын жат діни идеология жаулап болған" - журналист

Көркем Алдабергенова 30 июл. 2024 16:13 2324

Журналист Арман Әубәкіров спорт саласын жат діни идеология жаулап алғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Журналистің сөзінше, спортшылардың тарих пен мәдениетті, саясатты білуі өте сирек кездесетін құбылыс.
 
"Сондықтан, олардың құрулы тұрған тұзаққа түсуі оп-оңай. Елдос алтын алған күні "біздің жамағаттың өкілі жеңіске жетті" деп мақтанғандай оның сәжде жасап жатқан суретін жарыса таратқандар кімдер? Сәждеге басын тигізген адам осындай жетістікке жетеді дегендей ишара, астыртын идеологиялық насихат қатты жүрді. Егер мәселе дінде болса, өткен жолғы олимпиадада неге бір алтын алмадық? "Аллаһтың қалауымен" деп барлығы сақал сипап құр қайтқан жоқ па? Рас, Елдос табанды жігіт. Қажырлы еңбегімен асу бермес белесті бағындырды.
 
Өз-өзін дәлелдеді. Аллаһтың емес, еңбектің арқасы. Дайындалмаса, үздіксіз жаттықпаса, Аллаһ оған дым да бермес еді. Дін жолында болса да, болмаса да әрбір қазақтың жетістігіне қуанамыз. Өйткені біз ең бірінші қазақпыз. Ал енді оны жалпы қазақтан бөлектеп, жамағаттың өкілі ретінде идеологиялық насихат құралына айналдыру - аса қауіпті үрдіс. Онсыз да дін шырмауына түскен спорт саласын одан сайын қара тұнекке батыру десек те болады. Бәріміз бір қазақпыз. Әруақ деп бабаларымыз жауға шапқан. Тегімізді, тамырымызды ұмытпайық. Спортшыларға тарих пен ұлттық мәдениетті оқыту керек-ау", - деп жазды журналист .

Еске салайық, 27 шілдеде Ұлттық құрама көшбасшысы Елдос Сметов (60 кг) Париж Олимпиадасының финалында алтын медальді жеңіп алды. 

Қазақ палуаны Париждегі ойындардың финалында Лука Мхеидземен (Франция) күресіп, қарсыласынан басым түсті.

Осылайша, Елдос Сметов олимп шыңын бағындырып, есімін қазақ спорты тарихына алтын әріппен қашап жазды.

Тараздық татами шебері осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында финалға шыққанымен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелген. Ал Токиодағы ойындарда Торнике Чкадуаны жығып, үздік үштікті түйіндеген. Ал бүгін Елдос өміріндегі басты белдесуде бар шеберлігін паш етті.


Рекомендовать
Последние новости