Депутат Абзал Құспан Мәжіліс дәлізінде сотталғандар ішінде кімдерге рақымшылық жасалуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, заң жобасына депутаттар бастама жасаған.
"Әзірге бірдеңе деуге ертелеу, бірақ бұл заң жобасына депутаттар бастама жасады. Қаңтарда Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Үкіметке депутаттық сауал жолдады, Үкімет те қолдады. Содан кейін заң жобасын әзірлеп, Үкіметтің қорытындысына жібердік", - деп түсіндірді депутат.
Мәжілісменнің айтуынша, ең алдымен сотталғандар ішінен осал санаттар рақымшылыққа ілігуі мүмкін.
"Олар - зейнеткерлер, кәмелетке толмағандар, бала тәрбиелеп отырған әйелдер, қылмыс жасалған кезде балаларын жалғыз тәрбиелеген ер адамдар және т.б. Қоғамға қауіп төндірмейтін адамдар", - деді депутат Абзал Құспан.
Айта кетейік, Мәжіліс жаңа заң жобалары бойынша жұмысты бастады:
- Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы;
- Қазақстан Үкіметі мен ОРЕС Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру бойынша негіздемелік келісімді ратификациялау туралы.