Сыртқы істер министрлігі өкілі: "Африка елдеріне балаларды берген жоқпыз"

Dalanews 22 янв. 2024 07:10 1044

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров сенатор Дархан Қыдырәлінің депутаттық сауалындағы кейбір ақпараттар шындыққа жанаспайтынын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айбек Смадияров шетел азаматтары асырап алған бала 18 жасқа дейін Қазақстан Республикасының азаматы болып қалатынын мәлімдеді. Мұны шетелдегі консулдар арнайы бағдарлама бойынша бақылап, көмектеседі екен. Ал 18 жасқа толғаннан кейін бала қай елдің азаматтығын алатынын өзі шешеді.

"18 жасқа толғанға дейін сол елдің азаматтығын алса, біз өз шешімі болғаннан кейін еш әрекет жасай алмаймыз. Бірақ ол жасқа дейін асырап алған ата-аналар консулға есеп беріп тұруы керек.

Ал "балалар туралы ақпарат жоқ" деген шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені барлық бала бойынша ақпараттарды жинап отырамыз. Әрине, кейбір кезде бір мекенжайдан басқа мекенжайға көшіп кетіп, ақпарат болмай қалуы мүмкін", - дейді СІМ өкілі.


Сонымен қатар, ведомство өкілі тоқсаныншы жылдары қазақ балалары тек Батыс елдеріне берілгенін мәлімдеді.

"Қазақ балаларын біраз экзотикалық елдерге алып кетті" деген де ақпаратты оқыдым. Ол рас емес. Өйткені бізде кезінде тоқсаныншы жылдары "балаларды тек Батыс елдерінің өкілдеріне беретін" талап болған. Батыс елдерінің азаматтары сол елдерде дипломат болып жұмыс істеуі мүмкін. Солар асырап алған. Ондай елдерге (Африка елдеріне - еск.) біз балаларды бермейміз", - дейді ол.


Қазіргі таңда 18 жасқа дейінгі 1993 бала консулдық есепте тұр екен.

Айбек Смадияров "жүзден аса бала Африка елдеріне кетті" деген ақпаратқа да жауап берді.

"Ол ақпаратты қайдан алғанын білмеймін. Біздегі ақпаратқа сәйкес, біз Африка елдеріне балаларды берген жоқпыз", - деді.


Сондай-ақ, ол балалармен байланыс үзілді деген ақпарат та шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

Сурет: kp.kz

Рекомендовать
Последние новости