Сыр бойындағы "беспредел"

Dalanews 16 февр. 2017 11:35 986

немесе қызылордаша қуғындау - 1

Қазақта «көресіні көрмей көрге кірмейсің» деп ауырлау айтылған сөз болушы еді. Тегінде осы рас сөз екен. Жақында осыған тағы бір мәрте көзім жетті.

Оқиғаны әлқиссасынан таратып айтайын. Өткен жылдың шілде айында бұқаралық ақпарат құралдарында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Бесарық  ауылы әкімінің пара алып ұсталғаны жайында хабар тарады. Оқиға кейіпкері Қазбек Смағұловпен ауыл әкімі болмай тұрып мектеп директоры қызметінде жүргенде «Мәңгілік білім ордасы» деген атпен мектеп өмірі туралы кітабын шығару барысында таныс болған едім. Оқиға орын алғаннан кейін Қазбек Смағұлов төртінші билік өкілі ретінде маған хабарласып «аға, мен нақақтан күйіп бара жатырмын, істің ақ-қарасын ашып, әділетсіздіктің орын алмауы үшін араласыңызшы» деп өтінішін айтты. Бес жыл мектеп директоры қызметін жақсы атқарғанын, ауыл әкімдігіне де көптің өтініш-ұсынысы арқылы келгенін білетінмін. Өзі бір аяғы жоқ, үшінші топтың мүгедегі, төрт ұл, бір қыз бен кәрі анасына қарап отырған азаматтың тағдыры шынын айтсам мені бей-жай қалдыра алмады. Оның үстіне жұмысына кіріскеніне екі-үш айдың ғана жүзі болған. Қызметіне кірісер алдына ғана жүрегіне ота жасатқан екен. Сонда осы бірер айдың ішінде өзім білетін атпал азамат «сыбайласып  нені бүлдіре қойды екен» деген сауал да мені мазалады. Сонымен істің басы-қасында болып араласуыма тура келді. Іс қалай өрбіді, Қызылордада өзім куә болған жайларды баян етейін.

«Жаз еді деп ең, қыс болды, бұл бір бітпес іс болды» дегендей, жазда басталған іс сағыздай созылып, қарашаның соңында қара нүктесі қойылды. Қара нүкте дегеннен-ақ оның кімдердің пайдасына шешілгенін аңғарып отырған боларсыздар.

[caption id="attachment_23778" align="alignright" width="276"] Қазбек Смағұлов[/caption]

Сәл шегініс жасап, оқиғаға оралайық. Жаз басталғалы Қызылорда қаласының тұрғыны З. Муминова жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін сұрап ауыл әкімдігіне бірнеше мәрте келеді. Жер беру құқығы аудандық жер қатынастары бөліміне қарайтындықтан, ауыл әкімі оны бірнеше мәрте кері қайтарады. Муминоваға заңгерге барып арыз жазып, тіркелуі керектігін айтады. ( Бұл сәт бейнекөріністе де бар) Кейін белгілі болғандай, төрт түліктің түрін әзер ажырататын  қала тұрғыны З. Муминованың ауылға келіп үй соғып, мал шаруашылығымен айналысатындай еш мұхтаждығы болмаған. Оның үстіне З. Муминова осы уақыт ішінде көршілес орналасқан «Қоғалыкөл», «Амангелді» ауылдарына да барып жер телімін сұрағаны анықталды. Осы жерден-ақ, азаматшаның әлдеқандай бір тапсырмамен жүргені байқалып қалады. Демек, бастапқы мақсат та жер алып, шаруашылықты дөңгелету болмағаны анық. Мұндай оқиғалардың өкінішке қарай қоғамда жиі орын алып жатқаны белгілі. Сол себепті оқырманға істің түп-тұқиянына дейін тәптіштеп жатпай, нақты мән-жайға оралайын.

Ауыл әкімі Қазбек Смағұлов шілде айының 20-ы күні Қызылорда қаласында жүргенде З. Муминова оған қоңырау шалып кездескісі келетінін айтады. Екеуі уәделескен уақытта қала көшелерінің бірінде кездеседі. Сол жерде Муминова артқы орындықта жатқан құжаттар арасына 180 мың теңге ақша тастап кетеді. Осы сәтте дайын тұрған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері «сценарий» бойынша тарпа бас салады. Бейнетаспадан  халықаралық террористі қолға түсіріп жатқандай бетперде киген арнайы жасақтың «әбжіл» әрекеті мен  «жігіттер, мыналарың арнайы арандату ғой» деп шырылдаған Смағұловтың зарын көру оңай емес. Сондай-ақ, онда ауыл әкімінің ақшаны қолымен ұстамағаны анық байқалып тұр. Оқиға барысында «мыналарыңыз масқара ғой, ел-жұрттан ұят болды-ау, кәрі анама не деймін» деген шарасыз Смағұловты көресің.

Сот процесі кезінде ауыл әкімі Қазбек Смағұлов жер телімін «талмай» сұрап қоймаған З. Муминоваға «Мен оған қазақтың бір қызы ғой деп көмек жасағым келді» деп айтты. Айыпталушының ақтық сөзіне сенуге толықтай  негіз бар. Өйткені сол Бесарық ауылынан 10 сотық жерді сол «параға» ұсынылған теңгеге-ақ  сатып алуға болады. Әр сөзді өз атымен атар болсақ, «ұстау операциясы»  өте сәтсіз, әрі сауатсыз жасалған. Болмаса, сол ақшаны ауыл әкіміне қуалап жүріп тықпаламай, «әдеттегідей» өз кабинетінде отырып «шытырлатып» санап жатқанда неге ұстамаған? Тым құрығанда, әкімнің қолында ақшаның іздері қалар еді ғой. Кезекті сот процестерінің бірінде күдікті Қазбек Смағұлов өзіне таңылған айыптарды мойындамай, өзінің Муминовадан сыбайласу арқылы ақша алмағанын, оған тек көмектескісі келгенін күйініп тұрып жеткізді. Тіпті сол сот процесі кезінде құлап қалып, жедел жәрдем шақыруға тура келді. Осының өзінен-ақ азаматтың жазықсыз екені аңғарылмай ма?

Бұл істе әу бастан-ақ заңсыздықтарға жол берілген. Оқиға шілде айының 20 күні болғанына қарамастан, тамыз айының басында Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Лекеров Бесарық ауылына келіп, ауыл ақсақалдары мен ардагерлерін жинап айыптау актісімен таныстырып, ауыл әкімінің сыртынан айыптау сөздер айтады. Мұндай шексіз құқықты оған кімнің беріп отырғаны белгісіз. Оның қолында «айыптау актісі» қайдан жүр. Қанша жерден билік қысып бара жатса да әкім орынбасары заңға бағынуы керек емес пе? Заңға сәйкес, соттың үкімі шықпай жатып ешкімнің де айыптауға құқысы жоқ. Бес жылдан астам уақыт  мектеп директоры қызметін абыроймен атқарып, елдің тілегіне орай әкімдік қызметке келген Қазбек Смағұлов осылайша сол ел-жұртының алдында масқараланды. Жамандықтың беті аулақ, осы жағдайдан кейін ауыл әкімі әлдеқандай бақытсыз жағдайға душар болса, кім кінәлі болар еді. Оны елестетудің өзі қиын.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, тамыз айынан басталған сот процесі қарашаның соңына дейін ұласты. Қызылорда қалалық сотында да іс бірнеше мәрте қаралды. Сот барысында қорғаушы тарапынан келтірілген ешбір дәлелдеме қаперге алынбады. Осы іске қатысты заңның өрескел бұзылып отырғанын қанша рет дәлелдемек болған қорғаушы Ақмарал Бұралқиеваның өзі «Қызылордада заң жұмыс істемейді екен» деген сөзін өз аузынан естідім. Нәтижесінде қалалық соттың судьясы Б. Жаңабаев сотталушы Қазбек Смағұловқа  ҚР-нің 366 бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеп, өмір бойына мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан айыра отырып, параның еселенген сомасы мөлшерінде 12 000 000 теңге айыппұл арқалатты да жіберді. Сонымен, ақшаны қолына ұстамай, З. Муминованың оған қайта-қайта барып, қыр соңынан қалмай қуалап, көлігіне тастап  кеткені, қорғаушының қорғауындағы Қазбек Смағұловтың қылмысын мойындамауы, қорғаушының осы дәйекті дәлелдерді нақты келтіруі, бәр-бәрісі желге ұшты.

Айтып отырған сөзіміз дәлелді болуы үшін сот кезінде Қазбек Смағұловтың қорғаушысы Ақмарал Бұралқиеваның келтірген дәлелдеріне құлақ түрейік.

Куә З. Муминовадан 20. 07.2016 жылы Қызылорда облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің тергеушісі А. Дилдабеков жауап алған. Бұл процестік құжат, қылмыстық іс бойынша дәлелдеме ретінде жарамсыз екеніне төмендегі негіздер себеп болады.

ҚПК-нің 199 бабы 3-бөліміне сәйкес,-Тергеу хаттамасы тергеу әрекетін жүргізу барысында немесе ол аяқталған бойда жасалады. Хаттамада: тергеу әрекетін жүргізу орны мен күні; оның басталу және аяқталу уақыты минутына дейінгі дәлдікпен; тергеу әрекетін жүргізген адамның лауазымы мен тегі, тергеу әрекетіне қатысқан әрбір адамның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі.

Тергеуші А. Дилдабеков, 20.07.2016 ж. З. Муминовадан жауап алған хаттамасында, жауап алуды 16 сағат 30 минутта бастап, сол күні 16 сағат 30 минутта бітірді деп көрсеткен. Бұл не сонда, адамның шайтан болып кеткені ме?  Әлде тергеуші А. Дилдабеков бәрін көзді-ашып жұмғанша орындай алатын ерекше қабілетке ие тергеуші ме? Осының өзі-ақ З. Муминовадан жауап алынбағанын көрсетеді. Сонымен қатар, тергеуші А. Дилдабеков, З. Муминовадан көрсетілген уақыт аралығында жауап алуы мүмкін емес, себебі аталған тергеуші мен куә Муминова аталған сол күні, сағат 13:56-дан бастап, сағат 18: 25-ке дейін басқа процестік іс-шараларда, яғни оқиға орнында  болғаны анық.

ҚПК-нің 112 бабы 1 бөлімі, 5-тармағына сәйкес,-Нақты деректер, егер олар осы Кодекстің талаптары бұзыла отырып алынса, алынған нақты деректердің анықтылығына сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе істі сотта қарау кезінде процеске қатысушыларды заңмен кепілдік құқықтарынан айыру немесе құқықтарына қысым көрсету арқылы немесе қылмыстық процестің өзге де ережелерін бұзу арқылы ықпал етсе немесе ықпал  етуі мүмкін болса, соның ішінде процестік әрекетті жүргізу тәртібін елеулі түрде бұзу арқылы.

 Сотта қорғаушы осы көрсетілгендерді  негізге ала отырып, ҚПК-нің  99 бабына сәйкес соттан ҚР ҚК-нің 366 бабы 2 бөлімімен Қ. Смағаұловқа қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша 20.07.2016 ж. Куә З. Муминовадан процестік әрекетті жүргізу тәртібін елеулі түрде бұзу арқылы алынған жауап хаттамасын дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол бермеуін сұрады.

Сот процесі барысында қорғаушының сұрақтарына З. Муминова: «уақыттары есімде жоқ» деп жалтарма жауап берумен шектелді.  Кейінгі сот процестерінің ешбіріне де қатысқан жоқ. Осының өзі күмәнді ойларға жетелемей ме?

Ауыл әкімі Қазбек Смағұловтың қорғаушысы келтірген мына дәлелдемелерге де назар салайық.

Куәлар Б. Баймаханов пен Ж. Молдабаевтан, 20.07.2016 жылы Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің тергеушісі А. Дилдабеков жауап алған. Осы процестік құжаттардың да қылмыстық іс бойынша дәлелдеме ретінде жарамсыз екеніне төмендегі негіздер себеп болады.

         ҚПК-нің 199 бабы 3-бөліміне сәйкес,-Тергеу хаттамасы тергеу әрекетін жүргізу барысында немесе ол аяқталған бойда жасалады. Хаттамада: тергеу әрекетін жүргізу орны мен күні; оның басталу және аяқталу уақыты минутына дейінгі дәлдікпен; тергеу әрекетін жүргізген адамның лауазымы мен тегі, тергеу әрекетіне қатысқан әрбір адамның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі.

Тергеуші А. Дилдабековпен 2016 жылдың 20-шілдеде Б. Баймаханов пен Ж. Молдабаевтан жауап алған хаттамаларында, жауап алған уақыттары бір мезгілде алынғаны көрсетілген.  Яғни, тергеуші А. Дилдабеков Ж. Молдабаевтан жауап алуды 18 сағат 35 минутта бастап, 19 сағат 40 минутта бітірген. Ал куә Б. Баймахановтан жауап алуды сол тергеуші, сол күні 18 сағат 30 минутта бастап 19 сағат 30 минутта бітіреді. Сөйтіп, тергеуші А. Дилдабеков екі адамнан бір уақытта «жауап алған» көрінеді...

Сонымен қатар, ҚПК-нің 210 бабы 2 бөлімінде, жауап алуды жүргізудің жалпы қағидалары көрсетілген, яғни-Бір іс бойынша шақырылған адамдар басқа жауап алынатын адамдардан бөлек жауап береді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бір іс бойынша жауап алуға шақырған адамдардың жауап алу басталғанға дейін бір-бірімен сөйлесе алмауы үшін шаралар қолданады.

 Бірақ, осы заң ережелері, куәлар Ж. Молдабаев пен Б. Баймахановтан жауап алу кезінде, тергеуші А. Дилдабековпен бұзылған. Себебі, 14.09. 2016 жылы өткен сот мәжілісінде, куә Ж. Молдабаев былай жауап берді: -20.07. 2016 жылы тергеуші А. Дилдабеков одан жауап алу кезінде, екінші куә  Б. Баймахановты сол бір кабинетке отырғызып одан жауап алып отырды.

ҚПК-нің 112 бабы 1 бөлімі, 5-тармағына сәйкес,-Нақты деректер, егер олар осы Кодекстің талаптары бұзыла отырып алынса, алынған нақты деректердің анықтылығына сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе істі сотта қарау кезінде процеске қатысушыларды заңмен кепілдік құқықтарынан айыру немесе құқықтарына қысым көрсету арқылы немесе қылмыстық процестің өзге де ережелерін бұзу арқылы ықпал етсе немесе ықпал  етуі мүмкін болса, соның ішінде процестік әрекетті жүргізу тәртібін елеулі түрде бұзу арқылы.

Сотта қорғаушы А. Бұралқиева  осы көрсетілгендерді  негізге ала отырып, ҚПК-нің  99 бабына сәйкес соттан ҚР ҚК-нің 366 бабы 2 бөлімімен Қ. Смағаұловқа қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша 20.07.2016 ж. Куәлар Б. Баймаханов пен Ж. Молдабаевтан процестік әрекетті жүргізу тәртібін елеулі түрде бұзу арқылы алынған жауап хаттамаларды дәлелдемелер  ретінде пайдалануға жол бермеуін сұрады. 

 Екі жағдайда да қорғаушы сотқа заң талабының бұзылуына байланысты хаттамаларды дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол бермеуді сұрайды. Мұнан өзге іс материалдарында сол күні оқиға болған жерді қарау, күдікті Қ. Смағұловтан жауап алу, Қ. Смағұловты күдікті ретінде тану, қорғаушы тағайындау туралы хаттамалар бар.

Осы аталған процестік құжаттар, Қызылорда облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қызметінің тергеушісі Н. Қосмұратов құрастырып шығарған. Бірақ аталған тергеуші Н. Қосмұратов, осы қаралып жатқан қылмыстық іске ешқандай қатысы жоқ, ол тергеу тобына кірмеген. Қылмыстық іс материалдарында, тергеуші Дилдабековтың, қылмыстық істі өз өндірісіне қабылдау туралы 15.07.2016ж. шығарылған қаулысы бар. Сонымен қатар, Қызылорда облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қызметінің тергеу бөлімінің бастығы Р. Қожановтың 21.07.2016 ж. Шығарылған, тергеу тобын құрылу қаулысына сәйкес, тергеу тобына тергеушілер А. Дилдабеков пен Н. Дюсебаев кіргені анық. Аталған қаулыда тергеуші Н. Қосмұратов туралы мәлімет жоқ.

 ҚПК-нің 180 бабы 1-бөлімі 4-тармағына сәйкес,-сотқа дейінгі тексеруді жүзеге асыруға себеп болған кезде анықтаушы, анықтау органы, тергеу бөлімінің бастығы, тергеуші, прокурор өз құзіреті шегінде және осы Кодексте белгіленген тәртіппен өз қаулысымен қылмыстық істі іс жүргізуге қабылдайды.

      Сондай-ақ, қылмыстық іс материалдарында тергеуші Н. Қосмұратовтың аталған қылмыстық істі өз өндірісіне қабылдау туралы қаулысы жоқ екендігі анықталды. Қылмыстық істі тергеу үшін тергеу тобына кіргені туралы құжат жоқ.

       ҚПК-нің 112 бабы 1 бөлімі 3 тармағына сәйкес,-Нақты деректе, егер олар осы Кодекстің талаптары бұзыла отырып алынса, алынған нақты деректердің анықтығына сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе істі сотта қарау кезінде процеске қатысушыларды заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыру немесе құқықтарына қысым көрсету арқылы немесе қылмыстық процестің өзге де ережелерін бұзу арқылы ықпал етсе немесе ықпал етуі мүмкін болса, соның ішінде осы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның процестік әрекетті жүргізуіне байланысты.

Жоғарыда айтылған заң талаптарына сай қорғаушы А. Бұралқиева тергеуші Н. Қосмұратовтың қылмыстық іске ешқандай қатысы жоқтығына байланысты, ол шығарған процесстік құжаттар дәлелдемелерді пайдалануға мүмкін емес деп сотқа наразылық түсіреді. Өкінішке қарай, қорғаушы заң талаптарының өрескел бұзылуын нақты дәлелдермен келтірсе де істі қараған судья  Б. Жаңабаев барлығын да қаперге алмай, қанағаттандырусыз қалдырды.

 «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген мәтелді әлдебір әділетсіздік орын алғанда жиі қолданатынымыз бар. Сол секілді, әу баста-ақ, тергеу тобының жетекшісі Н. Дюсебаев жасаған айыптау актісін шілденің 30-ы күні  Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Қайрат Бөрібаевқа тапсырады. Облыс прокурорының орынбасары істі аса «ыждағаттылықпен» қарап келесі күні, яғни 1-ші тамызда қол қояды. Біздер жоғарыда келтірген заң бұзушылықтар қадағалаушы орган тарапынан «байқамай» өтіп кетіп солайымен сотқа жол тартады. Ал әділетті соттың қандай үкім шығарғанын айтып өттік. Іс кейіннен облыстық сотта қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында төрағалық етуші Б. Қалымбет, судьялар А. Наримов, А. Кужаниязов болып, прокурор Е. Құттыбаевтың және қарсы тараптың қатысуымен аппеляциялық шағым қаралып, қанағаттандырусыз қалдырылды.

Оқиға осы жылдың шілде айында болды. Журналист ретінде азаматтың құқын қорғап Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ж. Асановқа мәселені жан-жақты түсіндіріп хат жолдадым. Онда өзі жарымжан, үшінші топ мүгедегі Қазбек Смағұловтың ісін тергеп, тексеру барысында қандай да бір шалалықтың барын түсіндіруге тырыстым. Сол оқиғаға байланысты елдегі болып жатқан дүрбелеңді, ауыл әкімін жақтап жиналған мыңға тарта қолды қоса жолдадым. Бұл хатымды кейіннен сот процесі кезінде судья Б. Жаңабаев оқып берді. Алайда менің бұл жанайқайым да далаға кетті. Тек менің санамды «Қызылорда облысында талай іс осылай қаралып, талай жазықсыз жан темір торда отырған шығар, соңғы жылдардағы істерді қайта қарар ма еді» деген сауалдар мазалап тұрып алды.

Бұл оқиғадан тағы бір ұққаным, Қазақстанда тұратын кез-келген мемлекеттік қызметшіні түрлі айла-шарғы арқылы қақпанға түсіруге болады екен.  Болмаса, ауыл әкімі қызметіне кіріскеніне екі-үш ай ғана болған адамды бірден жемқор бола қалды деу қисынға келе ме? Бұл жерде адам факторына бас қатырып жатқан ешкім байқалмайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет үшін көрсеткіш керек.  Жиі еститініміз, ауыл әкімдерінің пара алып жатқаны туралы «жаңалықтар». Әлде оларда тек ауыл әкімдерін ғана ұстау жөнінде арнайы тапсырма бар ма? Бұл оқиға мені келесі ойларға жетеледі. Әуелде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жарымжан ауыл әкімінің қыр соңынан қалмай жүріп ұстайды. Онан кейін істі заң талаптарын бұза отырып жүргізіп, осы сауатсыз хаттамаларын облыс прокурорының орынбасарына тапсырады. Ал ол болса адам тағдырына бей-жай қарап, қолын қойып сотқа жолдай салады. «Бір апам бір апамнан сорақы» демекші, соңғы үкімді айтқан соттың шешімі белгілі. Іс бойынша ауыл әкіміне ҚПК-366 бабы 2 бөлігімен айыпталады. Сыбайласып қылмыс жасағаны үшін. Сонда өзіңіз ойлаңызшы, бұл жерде сыбайласып отырғандар кімдер өзі...

Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толды.  Осы жылдар жас мемлекетіміз үшін оңай болған жоқ. Жетістіктерімізге ел  ішіндегі саяси тұрақтылық пен ауызбіршіліктің арқасында жеттік. Ел тізгінін қолға алған Мемлекет басшысының сындарлы саясаты қазақ көшін талай тар жол тайғақ кешуден сүріндірмей алға сүйреп келеді. Дей тұрсақ та, күні кешегі Ақтөбе мен Алматы қалаларында болған қанды оқиғалардың түбінде қоғамның кей мүшелерінің өз қызметтеріне салғырт қарауынан халықтың ашу-ызасын тудырғаны жасырын емес.

Алматыдағы қанды оқиғаны жасаған Руслан Күлікбаевтың соттағы сөзін дәлме-дәл келтірер болсам, ... «Алмалы аудандық сотына бардым. Сол жерде прокурорлар мен соттарды атқым келді. Бірақ қарапайым адамдардың кіріп-шығып жүргенін көріп атпадым...Екінші қабатқа көтерілдім, сейфтің артында біреу тұр екен, оны атып едім тимеді. Ол қашып кетті. Артынан барсам, ол терезеден секіріп кеткен екен. Оны атпадым, қарапайым адамдарға тиіп кетер деп...» дейді. Қылмыскер неліктен сот пен прокуратура қызметкерлерін өлтіргісі келген. Осының себебіне үңілген жан бар ма?

Елбасы әрбір келелі жиында құқық қорғау орындарының сауатсыз әрекеттерін сынап, бүгінгі басты байлық ел ішіндегі тұрақтылық екенін айтумен келеді. Мұны кешегі өткен Қазақстан судьяларының VII сьезінде түрлі деректермен нақтылап атап өтті. Лайықты судьялардың корпусын қалыптастыру мәселесін көтерді.

Дегенмен, зайырлы мемлекет құрып, Қазақстанды төрткүл дүниеге танытқан Президенттің еңбегіне осындай жайттар көлеңкесін түсіретіні өкінішті. Бұл өзі,  Елбасы саясаты мен оның беделіне қарсы жасалып отырған шаруа емес пе?  Әлде Елбасы сенім артып, еңбегін оң бағалап отырған мемлекетіміздің бас прокуроры Ж. Асановқа астыртын жасалып отырған қысастық па? Өйткені соңғы уақытта Бас прокурор ел-елді аралап, талай заңсыздықтардың бетін ашып, бірқатар заңды аттаған қызметкерлерді орнынан алды. Ертелі-кеш мұның бәрінің де сыры ашылары анық. «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі» бос деп Құнанбайдың баласы зарлап өткен зар заманның түк өзгермегені ме сонда...

Құлтас Достанов, журналист

Дереккөз: Abai.kz


Рекомендовать
Последние новости