Жас маманды соққыға жыққан Күршімге кім барады?

Dalanews 16 февр. 2017 03:57 925

Редакциямызға Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданынан Олжас Нұрғалиев есімді оқырманымыз хабарласты. Дәрігер екен. Күні кеше реанимациядан шығыпты. Көмек сұрап отыр. Бұл туралы kaz.365info.kz хабарлап отыр.


Әріптесі ұрып-соғып айдалада қалдырып кеткен Олжас өлім аузынан аман қалған. «Күршім ауруханасындағы былықты ашып айтпасам болмады. Бұлардың жас маманға деген көзқарасын біліп жүріңіздер» дейді ол. Оның сөзін қаз-қалпында беріп отырмыз.

Мен




Күршім аудандық ауруханасында 2015 жылдың ақпанынан бері істеп келемін. Бұл жерге Өскемендегі Ана мен бала орталығынан ауысып келдім. Гинеколог дәрігермін.

…Бұл оқиға ақпан айының басында болды. Кешкі сағат 6-ларға таман ауруханаға иіс тиген екіқабат әйел түсті. Заң бойынша иіс тиген, жағдайы ауыр жүкті әйелдер бірден жан сақтау бөліміне жөнелтіліп, сол арадан ем-дом қабылдап, бақылауға алынуы тиіс. Себебі, иіс тигеннің өз салдары болады. Әсіресе, балаға кері әсер етеді. Осы себепті әйелді бірден жан сақтау бөліміне жатқыздым. Әрі қарай оны толық бақылауыма алдым.

Себебі, қазір дәрігердің жұмысы басты назарда. Еңбегі ескеріле бермейді, ал қателігін бірден байқайды. Өз басым жұмысымда сақтық пен жауапкершілікті қатар алып жүремін.

Келмей қойды…


Заң бойынша жан сақтау бөлімінде жатқандықтан жүкті әйелге реаниматологтың кеңесі қажет. Ауруханада үйден келіп-кетіп жүретін маман бар-тын. Аты-жөні  Бауыржан Құмарғалиев. 

Хабарластық. Кезекші дәрігерге: «Келмеймін. Қарамаймын» депті. Өзім шықтым. Мәселенің мән-жайын түсіндірдім.
«Бұл әйел Күршімнің аржағындағы Теректі ауылынан. Алыста тұрады. Қал-жағдайын тексеру керек» дедім. «Қазір доп қуып жүрмін. Содан келгесін бір-ақ қараймын» деді. Қысқасы, көнбеді. Келмеді. Ал мен үйге қайтып кеттім.

Біраздан кейін әлгі реаниматолог өзі хабарласты. «Мынауың не ей? Мазақ қып тұрсың ба? Кім көрінгенді неге реанимацияға тығасың. Әлгі жүкті қатының ба, сап-сау жатыр әне» деді.

«Заң бойынша ол сонда жату керек. Егер жағдайы жақсы десеңіз, кітапшасына жазып беріңіз. Мен роддомға ауыстырып аламын» дедім. Әңгіме осы жерден бітті.

Заң бойынша болған жайтты біз бас дәрігерге жеткізуге тиістіміз. Бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасарына хабарластым. Құмарғалиевтің жүкті әйелдің жағдайына қатысты шығарған шешімін және жан сақтау бөлімінен шығарып жібергенін айттым. Басы-артық ештеңе жоқ.

Әй, әкеңнің баласы…




Бірер сәттен кейін әлгі реаниматолог маған қайта шықты. «Әй, әкеңнің баласы… бас дәрігерге неге айтасың? Неге «жаловаться» етесің» дейді.

«Бұл шағым емес, сіздің жатқызбай қойғаныңыз рас. Заң бойынша  реанимацияда жату керек еді. Иіс тигеннің салдары жаман. Бүгін білінбегенмен, келесі күні байқалуы мүмкін және қатты сезіледі. Ал бұл жүкті әйел…» дедім мен.

Қысқасы, тыңдаған жоқ. Әкем бар, шешем бар…бәрін бір-бір сыбап шықты. «Қазір үйіңе келем. Сыртқа шық» деді. Көлігіне отырдық. Сөз түсінбейді.

«Бұл жұмыс барысы. Бір емес, екі емес бірнеше рет қайталанып тұр. Адам өмірі ойыншық па, сізге?» дедім мен.
Шынымен солай. Бұдан бұрын тағы бір жүкті әйелден қан кеткен кезде әрең жатқызған. Әлгі әйел құдай сақтап аман қалды. Реанимация бұл кісінің жеке меншігі емес қой?! Әрбірден соң бұл адам өмірі.

Сөйлесіп отырғанда аңдамаппын, Күршімнің шетіне алып шығыпты. «Мәшінеден түс» деді. Түстім. Сенсеңіз, елуден асқан ел ағасы. Еңгезердей. Ентелеп тұр. Төбелеспекші. Жұдырығын түйіп алған. Әкеңдей адаммен төбелеспек түгіл, салғыласқанның өзі ұят…

Осыны айта бергенім сол бір қойып қалды. Немен ұрғанын білмеймін. Есімнен танып қаппын. Оянсам қол-аяғым сырқырап барады. Айдалада жатырмын. Солай. Ұрғаннан кейін далада тастап кеткен. Сақылдаған сары аяз. Беті-аузым қан. Қайта оянғанымды айтыңыз. Мұндай суықта аяқ-қолыңды үсітіп алуға бір сағаттың өзі жетіп жатыр.

Сүйретіліп полицияға бардым. Арыз жаздым. Ауруханаға жатқызды.  

Келесі күні қан қысымым көтеріліп, жағдайым ауырлап кетті. Тағы есімнен танып қалдым. Сөйтсем миға қан құйылыпты. Шұғыл түрде Өскеменге алып кетті. 

Қысқаша айтсам, басымнан өткен жағдай осы. Реанимациядан шыққаным кеше ғана.

Бүйткен жас маманы құрысын  


Қазір әріптесім Бауыржан Құмарғалиевке қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Қынжылтатыны, қорлығы өтіп кетті. Түгі кеткен жоқ. Тайраңдап жүр. Өлсем де өкінбес еді. Аудандағы жуан байдың бірі. Әй дейтін, әже. Қой дейтін қожа жоқ оған. Бас дәрігер тіпті қызметтік тексеру жүргізуге де батпады. Құдай біледі, менен бұрын да талай жас маманға әкіреңдеген болар.
Мені жас маман ретінде Күршімнің бас дәрігері Марат Білейменовтің өзі Өскеменнен шақыртып алған. Жұмысыма жауапты болдым. Отбасын құрдым. Міне, екі жыл өтті. Былтыр аурухананың үздік дәрігері атандым. Соның бәрі не үшін? Жас маман ретінде өзім білмейтін өңірге келіп, өмірімнен айырыла жаздадым.

Қазір кетіп барамын. Жас маман болғаным құрысын. Басқасын білмеймін, бірақ Күршімдегі жас маманға деген көзқарас осындай. Осы былықты айту үшін, сіздерге хат жаздым» – дейді Олжас. 

P.S. Бұған Күршім аудандық ауруханасының бас дәрігері не дер екен? Жас маманға қастандық жасалыпты. Жас маманды өлімші қып сабаған әріптесі жұмысынан кетпепті. Осы рас па? Жауап күтеміз. 

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости