«SIM KIDS» жобасы: Алматылық балалардың интеренттегі қауіпсіздігін жаңа деңгегейге көтереді

Dalanews 17 июн. 2025 11:55

Алматыда балалардың қауіпсіздігін жаңа деңгейге шығару мақсатында «SIM KIDS» жобасы ресми түрде іске қосылды. Бұл – интернетке қауіпсіз әрі бақыланатын қолжетімділік беретін арнайы SIM-карта. Жоба ата-аналардың санасында жүрген бір сұраққа  «балам интернетте не көріп жүр?» деген алаңдаушылыққа нақты жауап беру үшін жасалған.

Бас прокуратураның мәліметінше, бұл бастама 2023-2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар аясында дайындалған.

Алматы қаласының прокуратурасы TELE2/ALTEL байланыс операторымен бірлесіп қолға алған бұл пилоттық жоба – балаларды интернет кеңістігіндегі деструктивті контенттен қорғауға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

«SIM KIDS» SIM-картасы бірқатар ерекше функциялармен қамтылған. Біріншіден, автоматты түрде зиянды контентті бұғаттайды. Екіншіден, ата-аналар баласының қандай қосымшаларды пайдаланатынын қадағалап, қажет болған жағдайда шектеу қоя алады. Үшіншіден, бала телефоны дыбыссыз режимде болса да, ата-анасы байланысқа шыға алады. Бұл – күнделікті өмірде аса қажет әрі тиімді құрал.

Қазіргі таңда жоба сынақ кезеңінен сәтті өтіп, енді кез келген қалаған ата-анаға қолжетімді. Қарапайым шешімдер – үлкен қауіпсіздіктің бастауы. Бұл жоба – заманауи технология мен ата-аналық қамқорлықтың үйлесімі десе болады.

Бас прокуратура еске салып өткендей, биылдың өзінде 4 айдың ішінде балаларға қатысты 1 309 қылмыс тіркелген. Бұл – ресми статистика ғана. Сондықтан бала қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның, әрбір ата-ананың күн тәртібінде тұруы тиіс. SIM-карта бір ғана құрал. Ал ең маңыздысы – ата-ананың қадағалауы мен қамқорлығы.

«SIM KIDS» – ата-ана мен бала арасындағы цифрлық көпір. Қауіпсіздікке бағытталған қарапайым, бірақ маңызды қадам. Алматыда басталған бұл тәжірибе ел бойынша кеңейсе, балаларды қорғау ісіндегі бір елеулі олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік туады. Бала болашағын сақтау – бүгіннен басталуы тиіс.


Рекомендовать
Последние новости