Сібір жарасы: аурудың белгілері мен алдын алу шаралары

Dalanews 27 апр. 2017 06:37 6696

СІБІР ЖАРАСЫ: АУРУДЫҢ БЕЛГІЛЕРІ МЕН АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ

 

Сібір жарасы (түйнеме) – зооноз тобындағы жедел жұқпалы ауру. Ол дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдалуымен және ағзаның ауыр түрде улануымен сипатталады. Сібір жарасы терілік, өте сирек  ішектік, өкпелік  және сепсистік формада өтуі мүмкін.

Аурудың қоздырушысы – таяқша пішінді, қозғалмайтын аэробты бактерия. Бұл бактериялар адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар физикалық-химиялық әсерлерге өте төзімділік танытып, қоршаған ортада ондаған жылдарға дейін сақталады.

Сібір жарасын адамға жұқтырушы көз  – үй жануарлары (ірі қара мал,  қой, ешкі, түйе, шошқа) болып табылады. Адамға аурудың жұғу жолы көбінесі жанасу арқылы (малды сою кезінде терісін түсіруде немесе мал терісін өңдеуде)  және бактерияның спораларымен ластанған  тағамдар мен ауыз суын ішп-жеуде және ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін.  Ал ауру адамнан адамға жұқпайды.

Сібір жарасының белгілері мен аурудың ағымы. Ауру көбінесі тері жамылғысын зақымдайды, сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Дененің ашық жерлері зақымдалады.

Қоздырғыш енген жерде алдыменен диаметрі 1-2 см, қызыл-көкшіл түсті, ауырмайтын дақ пайда болады. Сол жер қышиды, ашиды. Бірнеше сағаттан кейін дақтың орнында мыстың түсіндей папула пайда болады. 12-24 сағаттан кейін іші серозды, соңынан қанды сұйықтыққа толы везикулаға айналады. Осы везикула жарылғаннан кейін, жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жараға айналады. Осы кезден бастап оны карбункул деп атаймыз. Жараның айналасы қызарып, ісіп тұрады. 1-2 аптадан кейін карбункулдың ортасы қарайған тығыз, ауырмайтын некрозды қабыршаққа  айналады. Осы қабыршақ айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ, қызыл шоқтың ортасындағы көміртәрізді көрінеді. Сондықтан оның аты грек тілінен аударғанда «anthax – көмір» деген мағынаны білдіреді. Оның айналасында сезімдалдық мүлде болмайды.

Лимфа түйіндерінің ұлғаюы болады. 2-3 аптаның соңына қарай қабыршақ түсіп, оның орны тыртықанады. Карбункулдың ең көп ораналсатын жерлері – аяқ-қол, мойын және желке. Жергілікті қабыну процесі кезінде ағзаның жалпы улану белгілері болады. Әлсіздік, шаршағыштық, басының ауыруы, дене қызуы субфебрильдіден, 39-40ºС дейін көтеріледі.

Үрдістің сепсиске ұласуы қоздырғыштың тыныс алу, асқазан ішек жолдары арқылы енген жағдайында дамиды. Терілік формада оның сепсиске ұласуы сирек кездеседі.

Адамда ауру 90-95%  дейін терілік формада болады. Терілік форма 80% жағдайда жеңіл түрде, 20%  ауыр түрде өтеді. Дер кезінде емделмеген немесе  кеш емделген терілік түрде өлім 5% дейін жетеді. Ішектік формада ауру ауыр уланумен, геморрагиялық энтероколитпен көрініс береді, үрдіс аз уақытта сепсиске ұласады. Өкпелік түрінде ауыр геморрагиялық плевропневмония дамиды. Өкпелік-ішектік формаларында өлім 80-100% дейін жетеді.

Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас немесе оның жақындары оны міндетті түрде ауруханаға жеткізіліп медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады.

Сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы - жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцинаны егу үй жануарлар мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасында Сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Егілген тұлғалар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отырулары қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн.

Сонымен қатар осы аурудың жұқтырушы көзі ретінде үй жануарларды да бақылауда ұстау қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Бүгінгі күнде егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелерде тегін жүргізіледі. Үй жануарларының иелері малдарды екпеге қатыстырмау - дерттің кең етек жайюына себепші болып, мұның салдарынан адамдар Сібір жарасына шалдығатынын естерінен шығармаса игі болар еді. Сібір жарасына қарсы вакцина егілгеннен кейін 10 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыдыруға болмайды.

Ауру қоздырғыштары ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескере отырып, өлген жануардың терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол берілмеу керек. Себебі, мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып арнайы орындар – мал көметін жерлерге өртеу үшін апару қажет. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Аурудан сақтану мен оның белгілерін байқаған жағдайдағы әрекеттермен таныстыру мақсатында әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биофизика және биомедицина кафедрасының қабырғасынан құрылған хронобиология және хрономедицина орталығы студенттерінің ортасында арнайы ақпараттандыру шаралары үнемі жүргізіп, баспа сөз беттеріне зерттеу мақалаларын беріп халыққа ескерту жасап отырады.

әл–Фараби атындағы ҚазҰУ,


биофизика және биомедицина


кафедрасының доценттері


м.ғ.к., Тусупбекова Г.А.,


б.ғ.к., Аблайханова Н.Т.,


аға оқытушы Уршеева Б.И.


Рекомендовать
Последние новости