Шуда қылмыс саны қысқарып келеді

Dalanews 20 мая 2019 13:05 938

Соңғы жылдары Шу ауданында есірткі бизнесіне қарсы күрес жұмыстары едәуір күшейіп келеді. Оның үстіне, қазіргі кезде мұнда облыстық полиция департаментіне қарасты «Дельта-долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімі жыл он екі ай бойы тынымсыз жұмыс істеп тұр. Аталмыш бөлім облыс аумағындағы бес бірдей ауданға жауапты екен.

Бұл аудандардағы 124 мыңнан аса гектар жерді алып жатқан есірткі алқабының 85 мың гектары Меркі, 24 400 гектары Шу, 12 500 гектары Т.Рысқұлов, 2 мың гектары Қордай және қалған 1000 гектары Мойынқұм ауданына тиесілі көрінеді. Аймақтағы көлеңкелі кәсіппен күресетін бұл бөлімде қазір 22 адам қызмет етеді екен. Нашақорлық дертіне шалдыққандардың арқасында тірлігін дөңгелеткен қылмыстық топтар қалталары ортайып қалмас үшін нашақорлар санының арта түсуіне мүдделі екені белгілі. Ал, олардың алдын алу бойынша полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы, оның ішінде жоғарыда аты аталған «Дельта-долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімі бүгінгі күнге дейін бірнеше іс-шараны қолға алып, жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Аталмыш бөлімнің берген мәліметіне сүйенер болсақ, жыл басынан бергі үш айдың қорытындысына сәйкес, Шу ауданы бойынша дәл осы бағытта 10 қылмыс тіркелген. Оның 4-і наркологиялық құқық бұзушылық болса, есірткі сақтау бойынша 5 және есірткіні сату бойынша 1 оқиға орын алған. Жалпы, аталған заңсыз есірткі айналымы бойынша биыл 50 келіден аса түрлі есірткі заттары тәркіленіп отыр. Олардың 47 келісі марихуана болса, 754,53 грамы гашиш. Десе де, өткен жылмен салыстырғанда биылғы көрсеткіштердің едәуір азайғанын байқауға болады. Дәлірек айтсақ, өткен жылдың есепті кезеңінде 136 келіден аса есірткі заты тәркіленсе, оның 129 келісі марихуана, 6 келісі гашиш болған. Бұл өз кезегінде құқық қорғау қызметкерлерінің жүйелі жұмысының жемісі болса керек-ті. «Дельта-долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі Бауыржан Күншашовтың айтуынша, күні кеше есірткі затын заңсыз сақтаған аудан тұрғыны құрықталыпты.

– Жуырда «Допинг» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында аудан аумағында Р. есімді азаматша есірткі затын заңсыз сақтағаны жөнінде ақпарат келіп түсті. Осыған байланысты, жедел тергеу тобымен бірлесе тінту-тергеу амалдарын жүргізіп, нәтижесінде аталмыш тұрғынның үйінен 1 келі, 220 грамм марихуана және 350 грамм гашиш тәркіленді. Айта кету керек, бұл азаматша бұған дейін сотты болмаған. Алайда, есірткі затын қолданғаны үшін есепке алынған болатын. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмысы дәлелденген жағдайда ол 3 жыл көлемінде бас бостандығынан айырылатын болады, - дейді Бауыржан Болатұлы.

Ал, «Дельта-долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің жедел іздестіру бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Арман Баймұханбетовтың айтуына қарағанда бес бірдей ауданға жауапты бұл бөлімге 22 штаттық бірлік аздық етеді екен. «Үстіміздегі жылдың 26-шы ақпанынан 1-ші наурызға дейін «КАНАЛ-ЦЕНТР» кең ауқымды жедел іздестіру шаралары өткен болатын. Аталған шара аясында біздің бөлім қызметкерлері 4 қылмыскерді құрықтады. Сонымен қатар, ағымдағы айдың 11-15 күндері аралығында «Допинг» жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Жалпы бөлімде 22 адам жұмыс істейтін болса, оның 15-і жедел уәкіл және қалған 7-і кіші жедел уәкілдер. Оған қоса, Меркі мен Қордай ауданында екі адамнан құралған жеке құрам жұмыс істейді. Материалдық жағына келсек, қиын жолдарға арналған бірнеше техникамыз және құмды аймақтарға арналған жылжымалы бекеттер де бар. Қалай десек те, облыс аумағының басым бөлігін алып жатқан Мойынқұм ауданындағы құмды аймақтар мен Шу және Меркі аудандарындағы қарасора алқабының көлемін ескерер болсақ, мұндағы 22 қызметкердің аздық ететіні белгілі. Бірақ, «Көкнәр» жедел-профилактикалық жедел іс-шарасы басталғанда «Бүркіт» арнайы жасағы көмекке келеді» - дейді Арман Қазақбайұлы.

Рекомендовать
Последние новости