Шығыс Қазақстан облысында Арнольд Шварценеггердің атасы салған көпір жөнделеді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Катонқарағай ауданы тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
«Ел аузында «Старо-Австрийская» деп аталып кеткен жолдың бойындағы көпірдің жөндеу жұмыстарының созылып кеткені – өңір тұрғындары үшін ғана емес, өзге облыстар мен шетелден келетін туристер үшін де айтарлықтай қиындық туғызып отыр», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Бұл жағдай туристік бағыттағы қозғалысқа кедергі келтіріп, өңірдің тартымдылығына теріс әсер етуде.
Туризмді дамыту – бұл инфрақұрылым, жол, байланыс, қауіпсіздік, жол бойындағы қызмет көрсету, тамақтану, қызмет көрсету сапасына тікелей байланысты. Облыс әкімі осы мәселелерді шешумен жүйелі түрде айналысамыз деп атап өтті.
Осы орайда Нұрымбет Сақтағанов аудан әкімі мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысынан осы мәселе бойынша халық алдында нақты жауап беруді талап етті.
Өз кезегінде аудан әкімі көпірдің қайта жаңғыртылатынын айтса, ал басқарма басшысы Данияр Уахитов ШҚО-да ескі австриялық жолды жөндеу жұмыстары басталатынын мәлімдеді. Ол қажетті техника мен мамандар келесі аптада аталған нысанға жеткізілетінін атап өтті.