ШҚО әкімдігі жолда қалған ана мен балаға тікұшақпен дәрігер жіберді

Dalanews 03 апр. 2024 07:18 2893

Бүгін таңертең Шығыс Қазақстан облысының дәрігерлері жолда қалған жас ана мен балаға тікұшақпен аттанды. Қарғын судың салдарынан кейбір бағыттағы жолдарда автокөлік қатынасы уақытша тоқтатылған, деп хабарлайды Dalanews.kz Altainews.kz  сайтына сілтеме жасап.

Нақты айтқанда, тасқын судың жолға жайылуынан кешелі бері Қалбатау-Майқапшағай республикалық трассасының Абай облысы, Көкпекті ауданына қарасты аумағындағы учаскесі жабылып, көліктердің жүруі шектелген болатын.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 26 наурыз күні Өскемендегі Ана мен бала орталығына Тарбағатай ауданынан 22 жастағы аяғы ауыр әйел жатқызылған. Орталықтың перзентхана дәрігерлері жас ананы кесар тілігі арқылы аман-есен босандырып алған.

Кеше, 1 сәуірде ана мен сәбиі үйге шығарылған. Алайда жас босанған ана мен сәбиі үйіне жете алмай Көкпекті ауданының Тассай ауылында аялдауға мәжбүр болған. Өйткені бұл өңірде қарғын су жолдарды басып, автокөлікпен қатынау мүмкін емес еді.

- Ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда қалған жас ананы облыс орталығына жеткізу қажет деген хабар келіп түсті. Ана мен баланың жағдайы қалыпты. Дегенмен операциядан кейінгі асқынулардың алдын алу үшін және жаңа туған нәрестеге тиісті көмек көрсету үшін бүгін таң сәріден тікұшақпен Тассай ауылына ұшқалы тұрмыз. Ана мен баласын Өскеменге жеткізіп ары қарай осы жерде көмек көрсетеміз. Анасын облыстық ауруханаға, ал нәрестені Ана мен бала орталығына апарамыз, - деді нөмірі төртінші қалалық аурухананың бөлімше меңгерушісі, реаниматолог-дәрігер Рим Меңдібаев.

ШҚО әкімі аппаратының авиациялық бөлімшесінің тікұшақтары осындай қысылтаяң сәттерде, әсіресе адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, науқастарға шұғыл көмек қажет болғанда қолданылады. Айталық, биыл қаңтарда Марқакөл ауданында қар қалың жауып, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған кезде ауыл тұрғындарына азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жеткізілген болатын. Сол сияқты қолайсыз ауа райына байланысты Марқа өңірінде көлік қатынамай қалғанда Төсқайың ауылының 72 жастағы науқас тұрғыны облыс орталығына әуе көлігімен жеткізілген-ді.

Бұдан бөлек ақпанның ақ түтек боранында Көкпекті ауданы аумағында жолда қалған жолаушыларды құтқарғанда, Күршім ауданының Маралды ауылдық округінде боранда жоғалып кеткен екі адамды іздегенде, электр желісі істен шығып, бірнеше елді мекен электр қуатынсыз қалғанда және басқа да төтенше жағдайларда арнайы мамандардан жасақталған бригаданы діттеген жерге осы тікұшақтар жеткізіп отырғанын айта кету керек.

 

 


Рекомендовать
Последние новости