Шойгу мақсатына жетті. Жаңа әскери доктрина Қазақстанды тырп еткізбейді

Dalanews 23 окт. 2020 11:03 848

Қазақстан мен Ресей әскери әріптестік жөніндегі алдағы 10 жылды қамтитын құжатқа қол қоймақ деп хабарлайды Dalanews.kz. 




Тоқаевтың қаулысына сай осынау құжатқа Қазақстан атынан Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қол қоюға өкілетті тұлға ретінде бекітілген.

Жаңа құжат екі ел арасындағы осыдан 26 жыл бұрын қабылдаған әскери әріптестік туралы келісімшарттың орнын басады.

Жаңа келісімнің негізгі ұстанымы алғашқысына ұқсас. Ол екі ел арасындағы стратегиялық байланысты өрістету, мемлекеттің қастерлі құндылығы – тәуелсіздікке сый-құрметпен қарау, шекара шебінің бұзылмауын қамтамасыз ету, даулы дүниелер болса екі тарап та бітімге келерлік оңтайлы шешім қабылдау.

Ең бастысы, әскери әріптестік орнатқан елдер бірінің ішкі ісіне екіншісі тұмсық тықпауы тиіс.

Dalanews.kz тілшісі жаңа әскери келісімшарттардың талабымен танысып шықты. Қазақстан мен Ресей келесідей мәселелер бойынша мәмілеге келген екен.

  1. Бір тарап екінші тарапқа өтініш білдірген жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскери күш-құрылымдарын бірігіп қолдану;

  2. Бір тарап өтініш білдірген жағдайда аймақтық қауіпсіздікке қатер төндіретін факторларға бірлесе төтеп беру;

  3. Жедел әрі әскери дайындық;

  4. Әскери саладағы білім мен ғылым;

  5. Лаңкестікке қарсы келу;

  6. Бітімгерлік шаралары;

  7. Тараптардың территориясында әскери құрылымдардың қызметін жан-жақты қамтамасыз ету;

  8. Екіжақты келісімшарттық-құқықтық базаны жетілдіре түсу;

  9. Тараптардың әскери делегациясының халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысудағы әріптестігі;

  10. Мемлекеттік құпияны сақтау және қорғау;

  11. Мәдениет және спорт


 

Осы құжаттың шеңберінде Қазақстан мен Ресей әскери салада үш жылғы мерзімді қамтитын стратегиялық әріптестік бағдарламасын әзірлеуде.

Құжатта тараптардың әскери барлау бағытындағы жобаларды бірлесе атқаратыны айтылған. Алайда екі ел де бір-біріне қарсы бағытталған барлау жұмысын жүргізбеуді міндетіне алады.

Тараптар әскери әріптестік аясында өзара ақпарат алмасқан кезде оның мәні мен мазмұны екінші тараптың мақсат-мүддесіне қарсы мақсатта қолданылмауы тиіс.

Құжатта атап көрсетілген осынау келісімшарт қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған және тараптардың басқа да халықаралық келісімшарт аясындағы құқығы мен міндетіне қайшы келмейді.

Бұдан бөлек, әскери доктринаға қол қойған қос тарап әскери нысандардың іс-әрекеті салдарынан болған экологиялық проблемалардың зардабын жоюда бір-біріне қол ұшын соза алады.

Бір тараптың тәуелсіздігіне, территориялық тұтастығына, қауіпсіздігіне қатер төнгенде екі ел өкілдері шұғыл бас қосып, нақты шара қабылдауы қажет.

Мұндайда халықаралық құқық пен 1992 жылғы 15 мамырда қабылданған Ұжымдық қауіпсіздік шартына сай әскери көмек көрсетіледі.

 

 Тарихшы Станкевич:

«Орта Азия? Олар Мәскеу рұқсатынсыз ешбір әскери блокқа қосыла алмайды»




Жаңа әскери доктринаға  байланысты орыс тарихшысы, саясаттанушы Сергей Станкевичтің пікірін білген Dalanews.kz тілшісі мынадай жауап алды.

Ресей қазір империя емес. Бірақ империялық бедел-мұрасын жоғалтқан жоқ, жоғалтпайды да. Орта Азия? Бұл аймаққа Ресей жауап береді. Тұтастай алғанда, посткеңестік елдер Ресейдің ықпалынан шыға алмайды. Бұл біздің елдің маңдайына жазылған.

Посткеңестік елдерге ықпал етуді доктрина деңгейінде бекіткен дұрыс деп есептеймін.

Ашығын айтқанда, бір кезгі КСРО-ның шекпенінен шыққан елдер Мәскеудің пәрменінсіз қандай да бір әскери блокқа қосыла алмайды. Өз жерінде шетелдің әскери базасын орналастыру үшін, ауқымды әскери оқу-жаттығу ұйымдастыру үшін Кремльдің рұқсатын алуы керек.


Тіпті билікті күшпен ауыстырған жағдайда да Мәскеуден іргесін аулақ сала алмайды.

Посткеңестік елдердің бірі өз жерінде тұратын орыс аудиториясының ар-намысына тиіп, этникалық, саяси және діни тұрғыдан қудалауға жол берсе, бұл Мәскеудің тарапынан  жауапсыз қалмайды. Мұндайда Кремль бітімгерлік операциясын бастауға құқылы.

Ресей күллі Еуразияны билесе жарасып тұр. Бұған қарсы тұратындар табылары анық. Ештеңе етпейді. Мұны да өткереміз. Бір кезгі империялық арман-мұратына ұмтылғысы келсе, Ресей өз алдына жаһандық деңгейдегі мақсат қоюы керек. Ол үшін әлбетте, одақтастар мен жақтастар ауадай қажет.
...

Кремльдің қаржыландыруымен жарық көрген «Одақтастар» атты еңбекте жоба авторлары Қазақстан мен Ресейдің әскери доктринасына арнайы тоқталады.

«Ұжымдық қауіпсіздік ұйымына кірсе де Қазақстан ең алдымен Ресейден қауіп күтеді. Бұл елдің шекара аймағы орыстанған, болашақта орын алуы мүмкін этникалық жанжал, саяси-қоғами тұрақсыздық, исламизм, терроризм, су тапшылығынан туындайтын тәуекелдер тағы бар.

Елдің көпвекторлы саясаты Ресейден қорғану үшін жасалған болуы мүмкін.

Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік ұйымына қосылса да іс жүзінде Кремльден қауіп күтеді, бұл елді Ресейдің толыққанды, шынайы одақтасы деп айта алмаймыз», – деп түйіндейді кітап авторлары.

Роллан Мұқаметқали




Рекомендовать
Последние новости