Шөкеев Түркістанның жылыту маусымына дайындығын пысықтады

Dalanews 31 авг. 2021 16:57 831

Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында пысықталды. Маңызды мәселе – бақылауда. Жылу беру кезеңіне дайындық барысымен танысқан облыс әкімі жауапты басшыларға жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысында жеті аудан мен қалада 11 орталықтандырылған жылыту қазандықтары жұмыс істейді. Өңірде 600-ге жуық көпқабатты тұрғын үй мен 2,5 мыңға жуық бюджеттік мекеме орталық жылыту жүйесіне қосылған. Олардың 85 % жылыту маусымына дайын.

Қатты отынмен қамту жұмыстары да жүзеге асуда. Қыркүйектің 1-не дейін барлық жұмыстар толық аяқталады.

Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы жаңадан салынған тұрғын үйлер үшін 9 қазандық орнатылуда және №1, 2 шағын аудандардағы жылумен жабдықтау желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аппарат отырысында облыс аумағындағы коронавирус инфекциясы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және мобильді топтардың жұмыстарының нәтижелері туралы соңғы мәліметтер ортаға салынды.

Түркістан облысы коронавирус аурушаңдығының көрсеткіші бойынша жасыл аймақта орналасқан. Науқастар саны бойынша облыс республикада төмен көрсеткіште. Коронавирустан айыққандардың саны артып, бұқараның көңіліндегі үрейдің сейіле бастағанына қарамастан, босаңсуға болмайды. Осылай деген Өмірзақ Естайұлы тәжтажалдан сақтану үшін карантин талаптарының қатаң сақталуын ескертті.

Рекомендовать
Последние новости