Шымкенттік олигарх Сейітжановқа тиесілі кешен мемлекетке қайтарылды

Қаракөз Амантай 30 июл. 2024 11:05 3455

Қазақстандағы ең ірі кәсіпкерлердің бірі Серікжан Сейітжановқа тиесілі Шымкент қаласындағы спорт сарайы (қазіргі Мұз сарайы) мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл Шымкент қаласының прокуратурасының талап арызы бойынша жүзеге асты.

2017 жылы Шымкент қаласының "Спорт сарайы"  ЖШС-нің 67,09% үлесі жекешелендіріліп, құны 1 млрд теңгеге, яғни нарықтық құнынан 8 есе аз сомаға сатылғаны анықталды.

"Сонымен қатар Спорт сарайын сатып алған ұйым жекешелендіру рәсіміне заңсыз жіберілген және жарғылық құжаттарға сәйкес спорт саласындағы қызметтермен айналысуға құқығы жоқ болғандықтан, аукционға қатысушы ретінде тіркелуге жатпайды. Спорт сарайы оңтүстік өңірлерде қысқы спорт түрлерін дайындайтын жалғыз орын болып саналады", - делінген мәліметте.

Прокуратура объектіні жекешелендіру кезінде мемлекет мүлкін қоғам игілігіне тиімді пайдалану қағидасына сәйкес басқаруды міндеттейтін "Мемлекеттік мүлік туралы" ҚР Заңының нормалары бұзылғанын алға тартты.

"Сондай-ақ 5 жыл ішінде мемлекет спорт сарайының үй-жайларын жалға алуға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 мамырдағы шешімімен жекешелендіру нәтижелері жойылды", - деп қосты прокуратура.

Айта кетейік, Серікжан Сейітжанов Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкерінің тізімінде тұр.

Олигархтың отбасына "Оңтүстік" ФТПК тиесілі. Осы арқылы отбасы мұнай өндіруші "Саутс Ойл" ЖШС-нің 51%-ын, Smart-Oil бұрғылау компаниясын, "Стандарт Цемент" зауытын, "КАС-бетон" ЖШС, "Ақ-жол ТрансСервис", "Стандарт Ресурсис" компанияларына иелік етеді.

Сондай-ақ, отбасыға Rixos Khadisha Shymkent, Rixos Turkestan қонақ үйлері, Satti Zhol ЖҚС желісі, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы және Шымкенттегі Инновациялық-технологиялық колледж тиесілі. Кәсіпкер – "Оңтүстік" ФТПК және "Саутс-Ойл" президенті.


Рекомендовать
Последние новости