Шымкенттегі шатқалдарға биыл 55 мың жасыл желек егілді

Dalanews 31 дек. 2017 04:33 1351

Өткен жылы қолға алынған «Шатқал» бағдарламасы аясында биыл Шымкенттегі жеті шатқалда  55 мыңға жуық көшет отырғызылды. Сонымен қатар, аталған шатқалдардағы жиырма алты мыңнан астам текше метр жер көгалдандырылды. Ал көшеттердің жайқалып өсуі үшін жыл басынан бері он жеті ұңғыма қазылып, жиырма алты су қоймасы жасалды. Сол арқылы 30 шақырымға жуық суғару жүйесі тартылып, он алты шақырым болатын шатқал аумағы қоршалды.

Облыс әкімі Ж.Түймебаев, қала әкімі Н.Сауранбаев және ерікті жастар мен қала тұрғындары бірлесе аумағы 38 гектар жерді құрайтын  «Самал» шатқалында қарағаш көшеттерін отырғызды.

Ағаш отырғызу - қасиетті де ұлағатты іс екенін айтқан аймақ басшысы аталған демалыс орындары өңір тұрғындарының таза ауада тынығып, демалуы үшін жасалып жатқанын айтты. Сонымен қатар, ол саябақтардың тазалығы мен дамуына бірлесе күш салу қажеттігін атап өтіп, болашақта жаяу жүргіншілерге арналған жол салынып, оның бойынан сауда орындары салынатынын да жеткізді.

«Самал» шатқалында құрылған күннен бері емен, айлант, үйеңкі, шаған, боз арша, аққайың, қарағаш сынды 11 мыңнан астам көшет отырғызылған болса, бүгін жүз түптен астам қарағаш көшеті егілді. Мұнда суғаруға арналған жеті бөшке мен бес тік су ұңғымасы бар. Шатқалда бес адам тұрақты жұмыс істейді.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі  Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен қолға алынған жобалардың бірі – «Шатқал» бағдарламасы сәтті жүргізіліп келеді. Содан бері бос жатқан сай-салаға көшеттер егіліп, саябаққа айналуда.

Жалпы  Шымкент қаласындағы жеті шатқалдың жалпы аумағы 124 гектар жерді құрап отыр. Осы шатқалдарда бүгінде тамшылатып суғару жүйесі орнатылған. Сондай-ақ, көшеттерді күтіп-баптау үшін әрбір шатқалда тұрақты мамандар жұмыс істейді. Жалпы егілген көшеттердің өнімділігі 75 пайызды құрайды. Оның арасында табиғи қурау процесі бар. Мамандардың айтуынша, бұл жоғары өнімділікті көрсетеді.

Алдағы уақытта «Нұрсәт» шағынауданындағы Қасірет мемориалы тұсында, «Қайтпас-2» шағындаудандағы Ипподром маңында және «Бозарық», «Бозарық-2», «Таскен» шағынаудандарында, Алматы-Ташкент бағытында жалпы аумағы 690 гектарға жуық шатқалдар аумағына көшеттер отырғызылатын болады.

Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы көлемінде «Шатқал» бағдарламасымен 400 мың түптен астам жасыл желек егілген.



 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости