Шымкентте жаңа әуежайдың жобасы әзірленуде

Dalanews 18 окт. 2017 05:48 856

Шымкентте заманауи үлгіде жаңа әуежай құрылысы басталмақ. Аталған жоба қолданыстағы әуежайдың тиімсіз болуына байланысты қолға алынып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов мәлім етті. Сондай-ақ, жуырда шаһардағы темір жол вокзалының заманауи келбетін анықтап, жолаушылардың техникалық қауіпсіздігін сақтау мақсатында жаңа эскиздік жобалары әзірленіпті.

– Қазіргі қолданыстағы әуежайдың Қорғаныс министрлігінің теңгерімінде болуына байланысты жаңа әуежайдың 3 жаңа нобайын әзірледік. Алғашқы нұсқа бойынша әуежай қазіргі әуежайдың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасса, екінші нұсқада Ордабасы ауданының аумағында, ал үшінші нұсқада Шымкент қаласының солтүстік жағындағы аумақта орналасатыны көрсетілген, – деді Еркін Жүсіпов.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірге туристерді көптеп тарту мақсатында Тараз, Қызылорда, Ташкент бағыттарынан облыс аумағына кіреберіс қақпалар мен белгілердің жаңа нобайлары жасаланыпты. Сонымен қатар, "Батыс Еуропа - Батыс Қытай'' халықаралық көлік дәлізінің 8 аудан аумағынан өтетін бөлігінде бой көтеретін 39 қызмет көрсету нысанының эскиздік нобайы да әзірленіп, облыстық қала құрылысы кеңесінің талқылауына ұсынылған.

Қазіргі таңда облысымыздағы тұрғындар саны 5 мың адамға дейінгі елді мекендерді дамыту мен құрылыс салу схемаларымен қамтамасыз ету 55 пайызды құрайды. 2016 жылы 114 елді мекеннің схемасын әзірлеу жоспарланса, бүгінде оның 104 дайындалған.

Бұдан бөлек, басқарма облыс әкімінің тапсырмасымен 40 қабатты «Шымкент тәжі» тұрғын үй кешенінің нобайын әзірлеп бітірген. Сонымен қатар, Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес өндіріс және базарларды, сауда орталықтарын шаһар орталығынан қала сыртына көшіру нұсқалары ұсынылған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 Фото. Самат Мырзалиев.

 

Рекомендовать
Последние новости