Шымкентте 5 жылға сотталған экс-ректордың үкімі өзгерді: апелляция не шешті?

Көркем Алдабергенова 30 янв. 2026 14:56

Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасы өткен жылдың тамыз айында бірінші саты соты салғырттық пен қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану деректері бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бұрынғы ректор міндетін атқарушысы Қайрат Нұрманбетовке қатысты үкімді өзгертті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Halyqstan мәліметінше, бірінші проректор бір бап бойынша толық ақталды, ал екінші бап бойынша жаза мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Қылмыстық іс материалдарында екі жыл айырмашылықпен болған екі эпизод тіркелген.

Алғашқысы 2022 жылы тендер жарияламай мемлекеттік сатып алу жүргізу фактісіне қатысты. Бірінші саты соты 140 млн теңгенің ішінен 13 млн теңгеден астам қаржы ұрланған деп танып, ректор міндетін атқарушының салғырттыққа жол бергені жөнінде шешім шығарған.

Апелляциялық сот бұл айып бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды, алайда Қайрат Нұрманбетов жазадан босатылды. Ал оның екі бағынышты қызметкерінің жазасы шартты жазаға ауыстырылды.

Айыптаудың екінші эпизоды да тендер өткізбей жасалған мемлекеттік сатып алуға қатысты болды. Бұл жолы сөз 116 млн теңге жөнінде. Нұрманбетов басшылық еткен кезеңде университет бұл қаражатқа бас ғимаратты жөндеуге қажетті құрылыс материалдарын сатып алған.

Алайда қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының үш судьясы бұл эпизод бойынша қаржы жымқыру фактісі дәлелденбеген деген қорытындыға келді. Соттың шешімінше, аталған қаражат мақсатты түрде жұмсалған.

Айта кетейік, келтірілген материалдық шығын айыпталушылар тарапынан толық өтелген.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Қайрат Нұрманбетов тағы бір қылмыстық іс бойынша сот алдында жауап беріп жатыр. Бұл деректерді Шымкент қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жеке іс ретінде бөліп шығарған.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, жымқыру сомасы 320 млн теңгеден асқан. Тергеу дерегінше, қаржы бірнеше есе қымбат бағамен жүргізілген сатып алулар арқылы шығарылған. Мәселен, нақты құны 200 мың теңге тұратын кеңсе орындығы құжат жүзінде 20 млн теңге деп көрсетілген.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove