Шымкент. Бір аптада 90 мыңнан астам қоңырауын қабылдады

Dalanews 16 апр. 2020 08:30 863

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын 25 наурыздан бері уақытша тоқтатқан болатын. Бұл өз кезегінде бірыңғай байланыс орталығы операторларының жұмыс жүктемесін арттырды. Азаматтарға арналған үкімет 1414 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын күшейту үшін ХҚО қызметкерлерін тартқан болатын. Шымкент қаласының 144 тәжірибелі және дайындықтан өткен маманы тұрғындарға кеңес беріп отыр. Мемлекеттік қызметтер бойынша бірыңғай байланыс орталығының операторларынан аптасына жеті күн бойы кеңес алуға болады.

Бұдан бөлек, 49 қызметкер қызметалушыларды «Мобильдік азаматтар базасында» тіркеп, бейнеқоңырауларды қабылдауға жұмылдырылған. Бір апта ішінде олар  20мыңнан астам бейнеқоңырау қабылдап үлгерді.

Қазақстандағы бірыңғай байланыс орталығы жұмыс күндері сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді, ал демалыс күндері олармен сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін ал байланысуға болады. Қоңырау шалу тегін.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент бойынша филиалының өкілі Алтынай Татаеваның айтуынша, мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығына Шымкент қаласы бойынша орта есеппен күніне 18 000-ға жуық адам хабарласады.

«Жеті күн ішінде біздің байланыс орталығына 90 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Негізінен азаматтарды төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты тағайындалатын 42 500 теңге жәрдемақысын алу, egov.kz арқылы анықтамаға қол жеткізу, сондай-ақ, АӘК төлемдерін тағайындау бойынша сұрақтар мазалайды», - дейді Алтынай Татаева. Ол сондай-ақ, бірыңғай байланыс орталығына хабарласушылардың көптігін ескеріп,  шымкенттіктерді шыдамдылық танытып, сабырлы болуды сұрады.

Еске сала кетейік, қазақстандықтар мемлекеттік қызметті электрондық форматта ала алады. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтің 87%  электронды үкімет порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ, кейбір қызметтер мен сервистерді ЕgovМоbile мобильдік қосымшасы, eGovKzBot2.0 телеграмм-ботынан және Facebook, Vk әлеуметтік желілеріндегі egov чат-боттарынан алуға болады.

Рекомендовать
Последние новости