Шығыстану төрінен орын алған «Шығыс мұражайы»

Dalanews 15 апр. 2017 08:52 1547

 

Бүгінгі қазақ халқының түпкі тегі болатын көшпенділердің ежелгі Шығыспен әрдайым байланысы тереңде  болғаны баршамызға аян. Қазіргі таңда Қазақстан жұртшылығын әлемдік өркениеттің бастауында тұрған осы елдер мәдениетімен таныстығы әлі де болса толыққанды сипатқа ие болмай келеді. Осы кемшіліктің орнын толтыруға арналған алғашқы қадамдардың бірі - 2014 жылы 16 мамырда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінде тұсауы кесілген Шығыс Мұражайы – шығыс халықтарының рухани және материалдық мәдениетінен жан-жақты хабардар ететін жәдігерлер жинақталған жерге айналды.

Егер одан да әріге бойлайтын болсақ, 1989 жылы елімізде ең алғаш рет шығыс тілдерін оқытатын оқу орны да осы қара шаңырағымыз – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті болуы да тегін емес еді. Данышпан бабамыз әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті атына заты сай шығыс мәдениетін бойына терең сіңірген, білім мен ғылым нәрін сусындаған кемел жас  буынды тәрбиелеуді басты мақсаттарының бір тармағы ретінде  санайды. Білімді тәрбиемен терең ұштастыра білген біздің шығыстану факультеттің басты ұстанымы – жас ұрпақ бойына шығыс тілдерімен қатар шығыс мәдениетін де терең сіңіру, өйткені біз- шығыс мәдениетінің өкіліміз, шығыс топырағынан нәр алып өскен өскелең ұлттың ұрпағымыз. Жаһанданудың қарышты қадамдары аясында біз өзіміздің шығыстық ділімізден қол үзіп қалмай, қайта қаймағын бұзбай сақтап, келесі буынға мұра қылып қалдыруымыз керек. Демек, бұл сонау көнеден келе жатқан дәстүр жалғастығы, ал біздің мақсатымыз – дәстүр жалғастығын әрі қарай дамыту. Факультетіміз Шығыс елдерінің ірі университеттерімен, ғылыми және оқу орталықтарымен, Қазақстандағы Шығыс елдерінің халықаралық қорларымен және дипломатиялық өкілдіктерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Факультетіміз білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, студенттік өзін-өзі басқаруға, көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеуге жан-жақты  мүмкіндіктер тудыруда.

Факультетте компьютер сыныптары мен Интернет залдар жұмыс істейді. Интранет жүйесі барлық оқытушылар мен студенттерді қамтитын, оқу үдерісінің барлық кезеңінде көптеген параметрлерді күнделікті бақылауды қамтамасыз ететін, студенттерді оқуға ынтыландыруға, олардың үлгерімі мен болашақ жұмыс орнында білімін практикалық қолдану қызығушылығына ықпал ететін ірі корпоративтік желі болып табылады.

«Шығыс мұражайы» – факультетіміздің інжу-маржаны,мұнда Қытай, Жапония, Корея, Түркия және Үндістан шеберлерінің қолынан шыққан Ежелгі Шығыстың мәдениетін, даналығын, пәлсапасы мен рухын бейнелейтін жәдігерлер бар, сондай-ақ шығыс халықтары ұлттық киімдері, қолданбалы өнер туындылары, тұрмыстық заттар шығыс сарынында өрнектелген. Шығыстың хас шеберлерлерінің қолынан шыққан бірегей экспозициялар мен жәдігерлер факультетке келген кез-келген қонақты көз тартар әсемдігі мен рухани байлығымен баурап алады. Солай болуы заңды да, өйткені мұндағы кейбір жәдігерлер әлемдегі еш мұражайда кездеспейді деп нық айта аламыз әрі Шығыс мұндай мұражайы – Қазақстандағы бірегей мұражай екендігін және оның қара шаңырағымыз әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің шығыстану  факультетінде орын тепкендігін мақтан етеміз. Мұражайға келуші қауым шығыс мәдениетінен сусындап, көздің жауын алған сан алуан ұлттық нақышта тігілген киімдер, мұражайдағы сирек кездесетін жәдігерлер арқылы талғампаз көрерменнің жүрегін жаулап үлгерген әсемдік пен саналылықты тамашалауға мүмкіндік алады.

Шығыс елдерінің мәдениеті мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан, оның әр алуандығы мен байлығы, талғампаздығы мен көз жауын алатын әсемдігі жайлы өз алдына әңгіме етуге болады. Шығыс өнерінің әлемдік мәдениетте алар орны айрықша, ол ешбір басқа халықтардың мәдениетіне ұқсамайды, дара әрі ерекше қасиеттерге ие. Адамзат баласының қыр-сыры шексіз ориентализмге деген қызығушылығы мен таңдануы уақыт өткен сайын күшеймесе, толастаған емес.

Әлемдік мәдениетке қомақты үлес болып қосылған мәдени жәдігерлер, мұралар, сәулет ескерткіштері, суреттер мен мүсіндердің әрқайсысысы тамыры тереңде жатқан шығыс мәдениеті туралы сыр шертіп тұрғандай. Шығыстану факультетінде оқитын қазақ жастарының шығыс тілдерін ғана жетік меңгеріп қана қоймай, өздері оқып отырған қытай, жапон, корей, парсы,араб, хинди, түрік елдерінің тарихымен, мәдениетімен, салт- дәстүрлерімен, наным-сенімдерімен жан-жақты хабардар екендігіне мұражайды көруге келген қонақтардың талайы тәнті болған. Осы ретте біздің жастарға сапалы білім мен шығыстық үлгіде тәрбие беріп отырған  шығыстану  факультетінің оқытушыларының ерен еңбегінің нәтижесі деп баса айтып өткім келеді. «Шығыс мұражайының» ашылуына да факультетіміздің – Нәбижан Мұқаметханұлы, Дәулет Фатима, КерімбаевЕржан, Досымбекова Рауан, Нұржаева Алина, Шәріпққазы Нұртәліп секілді белді тұлғалары бел шешіп кіріскен болатын.

Тылсым әрі таңғажайып Шығыс мәдениетімен етене араласуға сеп болған «Шығыс мұражайы» жыл сайын ажарланып, келуші қонақтарды шығыстың сырлы әлемімен   танысуға шақырады.

 

 Кенжебаева А.Ә., Нұржаева А.М.,


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану   факультеті 


қытайтану кафедрасының оқытушылары


 

 

Рекомендовать
Последние новости