Шығыста үш жылда 165 көпқабатты тұрғын үй халыққа беріледі

Dalanews 18 июл. 2019 06:25 781

Шығыс Қазақстан соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, заманауи үлгідегі жаңа ықшам аудандар бой көтеруде. Осы ретте қалалардағы жұмысшы жастардың қатары артып, жас отбасылар жаңа пәтер кілттерін алуда. Осы ретте ШҚО әкімі Даниал Ахметов облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп беру кезінде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне кеңінен тоқталып өтті. Алдағы үш жылда 1 млн шаршы метр тұрғын үй, яғни 165 көпқабатты тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Биыл жалпы аумағы 645 мың шаршы метрді құрайтын 77 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Тек бірінші жартыжылдықта 16 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін тағы 34 үйдің құрылысын бастау жоспарланып отыр. 46 жоба әзірленді, 64 жоба жұмыс үстінде.

Даниал Ахметовтың айтуынша, биыл тұрғын үй және инженерлік желілер құрылысына 32,6 млрд теңге бөлініп, оның 99,6 пайызы толықтай игерілген. «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 1002 пәтер толықтай дайын. Екінші деңгейлі банктер 6,2 млрд теңгеге ипотекалық тұрғын үй несиелерін беру бойынша 698 өтініш қабылданды. Бұның барлығы ауқымды жұмыстың жарқын көрінісі.

– Облыстық құрылыс басқармасына, қала және аудан әкімдеріне ағымдағы жылдың екінші жартысында 443 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беруді тапсырамын. Сонымен қатар қолданыстағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тиімді пайдалануға ерекше назар аудару қажет. Бюджеттік қаражат есебінен жаңа нысандарды салу кезінде негізсіз бағалардың өсуіне жол бермеуіміз шарт. Өскемен мен Семей қаласы әкімдері 28-ші ықшам ауданы мен «Ұшақтар» ауданындағы көпбалалы отбасыларға арналған бір қабатты тұрғын үйлерді «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» арқылы жеңілдетілген 2%-бен беру жұмыстарын жүзеге асыру қажет,– деді аймақ басшысы.

Айта кетсек, облыста көпбалалы отбасыларға баспана беру жұмысы алға қойылған. Шілде айының басында ауылдағы 230 отбасыға жаңа пәтер кілттері табыс етілді. Алдағы уақытта бұл бағыт аудан орталықтары мен қалаларда іске асырылатын болады.

 

Әсем ЖЫЛҚЫШИЕВА, Шығыс Қазақстан облысы

Рекомендовать
Последние новости