Шығыста шалғайда жатқан ауыл-аудандарды дамыту ісі қолға алынады

Dalanews 26 февр. 2021 08:06 1036

Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысындағы шалғайда жатқан аудандарды дамыту ісіне ерекше назар аударылатын болды. Бұл турасында ШҚО әкімі Даниал Ахметов халықпен кездесуінде айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz  ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкім қолға алынатын шаралар әлеуметтік инфрақұрылымы сақталған 13 елді мекенге қатысты екенін тілге тиек етті. Бұл ретте ауыл тұрғындары орта және мектепке дейінгі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт қызметтерімен қамтамасыз етілген. Алайда, оларды қаржыландыру қазіргі аудан орталықтарына қарағанда едәуір аз екенін атап өткен жөн. Бұдан басқа, тұрғын үй-коммуналдық салада, сондай-ақ жол инфрақұрылымында проблемалар бар.

– Барлық бұрынғы аудан орталықтары көшелерінің 44%-ы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Қайнар, Бозанбай, Баршатас ауылдарындағы, Серебрянск қаласындағы жолдардың жағдайы нашар. Халықты сумен жабдықтаудың төмен деңгейі Мақаншы және Бозанбай ауылдарында байқалады. Сондай-ақ, бұрынғы аудан орталықтарында рекреациялық және спорттық құрылыстар желісі нашар дамыған. Тұрғын үй құрылысын жандандыру қажет. Кезекте 722 адам тұр, олардың көпшілігі Серебрянск қаласында – 153, Мақаншы ауылында – 109 және Самарда 94 адам. Біздің міндетіміз – жақын маңдағы ауылдардан халықты тарта отырып, бұрынғы аудан орталықтарын дамытуға баса назар аудару, нақты сектордың өсуі және жаңа жұмыс орындарын құру үшін жағдай жасау. Ол үшін аудан әкімдері мен Семей қаласының әкіміне Экономика басқармасымен бірлесіп, бұрынғы аудан орталықтарын алдағы үш жылға дамыту бағдарламасын жасауды тапсырамын, – деді Даниал Ахметов.




Облыс әкімі ШҚО аумағын векторлық дамытуда 5 шекаралас аудан бойынша тәжірибе бар екенін айтты. Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған Кешенді жоспардың арқасында былтыр Күршім және Үржар ауылдарында 2 жүзу бассейні, Мақаншы ауылында спорт модулі салынды. 17 екіпәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 көппәтерлі үйдің құрылысы басталды, 105 білім беру, 6 – денсаулық сақтау, 9 – спорт, 31 – мәдениет нысандары, 270 км-ден астам жолдар мен көшелер жөнделді.

Тарбағатай, Күршім және Үржар аудандарының ауылдарына сумен жабдықтау желілері тартылды, 18 елді мекенде блокты-модульді станциялар орнатылды. Шекара маңындағы аудандар ауруханаларының перзентхана бөлімшелерін 2 деңгейге ауыстыру үшін 989 млн.теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды.

Ағымдағы жылы 4 көппәтерлі тұрғын үй, 8 су құбыры, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2 спорттық модуль, 3 мәдениет нысанының құрылысы жоспарланған. 39 әлеуметтік сала нысандарын, 12 су құбырын және 230 км астам жолдар мен көшелерді жөндеу қарастырылған.

Рекомендовать
Последние новости