Шығыста ауыл әйелдерінің форумы өтті

Dalanews 12 июл. 2019 15:22 925

Өскеменде «Әлеуметтік жауапкершілік, теңдік құқық және мүмкіндіктер құқығы» атты ауыл әйелдері форумы өз жұмысын бастады. Екі күнге созылатын форум кәсіпкер, мұғалім, дәрігер, көпбалалы және еңбек ардагерлері әйелдерінің басын қосты.

Форум ұйымдастырушылары ШҚО әкімдігі, «Жасыл» экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы», «EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымы мен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен Coca-Cola халықаралық қоры.



Форумның салтанатты жиынын облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова ашты.

– Шараның басты мақсаты ауыл-аймақтағы әйелдердің әлеуетін анықтап, оларға қолдау көрсету, түрлі бағыттар бойынша дамытып, әл-ауқатының артуына жағдай жасау болып табылады.

Бүгінде өңіріміздегі 3300-ден астам ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсіпорындарды, 795 шағын және орта кәсіпкерлік нысанды әйел азаматшалар басқарып отыр.




Сондай-ақ Бородулиха ауданын Ольга Булавкина есімді азаматша тізгіндеген. Бұдан бөлек, облысымыздағы 24 ауылдық округтің әкімдері нәзікжандылар. Аудандық, қалалық мәслихаттардың 57 депутаты әйел қауымынан болса, 372 мемлекеттік органды осы жандар басқарып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Бүгінгі таңда облыстағы әлеуметтік саясаттың негізгі бағыты әйелдерді, оның ішінде көпбалалы аналарды қолдауға бағытталған. 1 қыркүйекке қарай көпбалалы отбасылардан шыққан балалар облыстық бюджет тарапынан мектеп формасымен, мектептегі ыстық тамақпен қамтылатын болады.

Көпбалалы отбасылардан шыққан және мүмкіндігі шектеулі балалар балабақшаға тегін баратын болады.


11 маусым күні өңірдің ауылды жерлерінде тұрып жатқан 230 көпбалалы ана бюджеттік емес қаражат тарапынан тұрғынүймен қамтылды.



Одан кейін Әсем Нүсіпова өз мамандығына өмір бойы адал болған бірнеше әйел азаматшаға облыс әкімінің атынан арнайы грамоталар мен ақшалай сыйақылар табыстады.

Марапатталушылар қатарында 77 жасқа келсе де қой бағу кәсібін тастамаған 8 бала, 16 немере, 12 шөбере тәрбиелеп отырған катонқарағайлық Сәбилә Құрманова бар.


Ерлік пен күш-жігердің айқын дәлелі деп Зульфия Ерқасымованы айтуға болады. Тракторшы-комбайншы болып жұмыс істеп жүріп екі аяғынан айырылған рухы биік әйел протезге тұрып, бүгінде Катонқарағай ауданында асхана меңгерушісі.

Ауыл әйелдері алдында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі Асия Хайруллина сөз алды.

- Шығыс Қазақстан бүгінде бұл ел өңірлерінің арасында әйелдердің мүдделері мен құқықтарын ілгерілету, гендерлік теңдік мәселелері бойынша көш бастап тұр. Басты мақсат-ауыл әйелдерінің мәртебесі мен өмір сүру сапасын, білімге, медицинаға, мәдениетке деген қол жетімділігін арттыру. Бұл оқшаулауға басты назар аударылған онжылдық жоспарды жүзеге асыруға өте қолайлы.

Яғни, әрбір азамат жергілікті жерде елдің дамуына өз үлесін қосуы тиіс. Егер республикада әйелдердің 52 пайызы ауылдарда тұратынын ескерсек, олар үшін маңызды ақпарат, қолдау алу, тәжірибе алмасу мүмкіндігі өте қажет.



Сөз кезегін «Жасыл» экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» басқармасының басшысы, ҚР Президенті жанындағы жасыл экономикаға көшу Кеңесінің мүшесі Салтанат Рихимбекова жалғастырды. Салтанат Рахимбекова Республика бойынша бұл екінші рет өткізіліп отырған форум екенін айтып, кәсіпкерлік ашудың нақты үлгілері мен мүмкіндіктерін атап өтті.

– Ауыл әйелдерін өздері сияқты жандардың табысқа жету үлгілері ғана жігерлендіреді. Сондықтан біз осындай пікір мен тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастырамыз. Елбасымыз осыдан бірнеше жыл бұрын республикада кем дегенде ауылшаруашылығы кооперативтеріне біріккен 500 мың жеке ауыл шаруашылықтары болу керегін атап өткен. Осы ретте біз ауыл әйелдеріне қолдау көрсетіп, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік береміз – деді Салтанат ханым.

Ауылдық аймақтарды дамытудағы әйелдердің рөлі туралы Бородулиха ауданының әкімі Ольга Булавкина айтып өтті. Сонымен қатар, қатысушылар «Еңбек» жұмыспен қамту және «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламалары, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларын жүзеге асыру арқылы ауылшаруашылық субъектілерін қаржыландыру туралы ақпарат алды.

Форумның ерекшелігі «Менің жетістігімнің тарихы» шеруінің ұйымдастырылуы. Оны «Айка» шаруа қожалығының жетекшісі, «Менің жетістігімнің тарихы - 2018 жыл» номинациясының лауреаты Аэлита Ахметсәлімқызы жүргізді. Ол жастар арасында жүлде қоры 1 млн. теңге болатын эко-туризмді насихаттау бойынша байқау ұйымдастыруды ұсынды.

Форум соңында ауылдық аумақтарды дамытуға зор үлес қосқан әйелдерге алғыс хаттар табыс етілді.

 

Рекомендовать
Последние новости