«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыс орталығының кезекте тұрған отбасылары қоныс тойын тойлады.
Бүгін халықаралық балаларды қорғау меркесі қарсаңында пәтер кілттерін табыстап, көпбалалы отбасыларға қуаныш сыйлап отырмыз. Балалар мен көпбалалы аналарға қамқорлық таныту біздің міндетіміз. Өйткені олар - ел болашағы, - деді Даниал Ахметов өз құттықтау сөзінде.
Екі-үш бөлмелі пәтерлер облыс орталығындағы 19 ықшам ауданында орналасқан жаңа үйден берілді.
Бұл көпқабатты тұрғын үй арнайы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналып тұрғызылған. Жанында заманауи балалар алаңы, мектеп пен балабақша бар.
Бес бала тәрбиелеп отырған Могилевтер отбасы сегіз жылдан бері кезекте тұрып, бүгін үш бөлмелі пәтер кілтіне ие болды.
– Біз өте қуаныштымыз. Мемлекеттік қолдау мен облыс басшылығына шексіз алғысымызды білдіреміз. Көпжылғы жалдамалы пәтерден шаршаған балаларымыз кең үйде, аулада ойнайтын болады, - дейді қуанышты ана Татьяна Могилева.
Айта кетсек, өткен жылы кезекте тұрған 523 көп балалы отбасы жаңа қонысқа ие болды, оның ішінде ауылды жерде тұратындарға да басымдылық берілді.
Облыс әкімі айтып өткендей, биылдан бастап тұрғын-үй кезегінде тұрған аталған санаттағы шығысқазақстандықтар 2022 жылға дейін толықтай баспанамен қамтылатын болады.