Шерзаттың отбасында тағы бір адам қамауға алынды

Көркем Алдабергенова 11 дек. 2024 17:22 2199

Шерзат Болаттың отбасында тағы бір адам қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Шерзаттың отбасын қолдауға арналған әлеуметтік желідегі парақшада Қаржаубай Нұрымовтың күйеубаласы Айғазы 15 тәулікке қамауға алынғаны жазылған. 

Еске салайық,бүгін Шерзат Болаттың әкесі мен әпкесі қамауға алынғаны белгілі болды. 

Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау нәтижелері бойынша азамат Салтанат Нұрымова ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) азаматтығы жоқ Бақыт Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейіннен ҚР шегінен шығарып жіберілді.

Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

10 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың отбасы Нұрқанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырды. Жерлеу рәсімінен кейін Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, БАҚ өкілдерімен кездесуді талап етті. Аталған оқиғадан кейін Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. 

Ресми дерекке сүйенсек, сағат 15:30 шамасында Азат ауылында жерлеу рәсімі кезінде қоғамдық тәртіп бұзылған. Айтуларынша, Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

"Қаржаубай Нұрымов прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемеді. Шектен тыс агрессивті мінез-құлық танытып, басқаларды өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Сонымен қатар полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді", - делінген хабарламада.


Рекомендовать
Последние новости