Шерзат ісі бойынша сот қашан өтуі мүмкін? — Айтбек Амангелді жауап берді

Қаракөз Амантай 05 янв. 2025 09:30 1932

Белгілі құқық қорғаушы Айтбек Амангелді бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі қай уақытта өтуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, тергеу әлі де жалғасып жатыр.

“Болжам бойынша, наурыз айында өтуі мүмкін. Алайда бұл уақыттан ерте немесе кеш болуы да мүмкін. Қазір тергеу аяқталу кезеңіне жақын. Одан кейін екі тараптың іс материалдарымен танысу басталады. Бізден бөлек, тағы 11 күдікті мен олардың адвокаттары бар. Олар да іспен танысып, өз тарапынан өтініштерін білдіруі мүмкін. Одан кейін іс прокуратураға жіберіліп, процестік заң бұзушылықтардың бар-жоғы тексеріледі. Содан соң іс судьяны анықтау үшін сотқа жолданады. Судья өз жұмыс кестесіне сәйкес алдын ала тыңдау күнін белгілеп, содан кейін негізгі сот талқылауы басталады”, — деп жазды ол.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша оның суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал 10 желтоқсанда оның өліміне қатысты сараптама қорытындысы шықты.

"Сот-медициналық сараптаманың алдын ала болжамы бойынша, 9 желтоқсанда Талғардың шетінде табылған 30 жастағы ер адамның мәйіті өзін-өзі асу арқылы механикалық асфиксия нәтижесінде болғанын көрсетті. Денесінде зорлық-зомбылық сипаттағы белгілер жоқ.

Сарапшылармен анықталған дене жарақаттары, мысалы, странгуляциялық және мойынның абразиялары асылған жіпті қолданған кезінде пайда болатын жарақаттарға сәйкес келетінін көрсетті. Барлық белгілер суицидті көрсетеді, мойынындағы зақымдану сипаты мұндай жағдайларға тән", - делінген хабарламада.

Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін, бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті.

"Қаржаубай Нұрымов прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемеді. Шектен тыс агрессивті мінез-құлық танытып, басқаларды өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Сонымен қатар полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді", — делінген хабарламада.

Осылайша Шерзат Болаттың әкесі мен әпкесі қамауға алынды.


Рекомендовать
Последние новости