Шерзат ісі бойынша сот талқылауы онлайн өтеді

Қаракөз Амантай 10 апр. 2025 13:21 691

Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі онлайн өтеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Сот отырысына қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, сот бұл іс бойынша сот талқылауын ашық режимде өткізу туралы шешім қабылдады”, — деді Жоғарғы Сот.

Трансляция Жоғарғы Соттың YouTube арнасында қолжетімді.

Сот неліктен Талдықорғанда өтеді?

Жоғарғы сот Шерзат Болат ісі бойынша сот отырысы неліктен Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтетінін түсіндірді.

“Айып тағылған тоғыз адам Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отыруына байланысты сот отырысы Жетісу облысында өтеді”, — деді олар.

Құқық қорғаушы не дейді?

Құқық қорғаушы Мейірман Шекеев сот отырысы баспасөз өкілдеріне ашық түрде өтетінін, бірақ Қуандық Бишімбаевтың ісі секілді онлайн трансляция жүргізілмейтінін мәлімдеді.

“Істі Алматы облыстық соты қарайды. Келесі сот отырыстары Қаскелеңде жалғасуы мүмкін. Бұл тек алдын ала тыңдау” – деп түсіндірді ол.

Марқұм Шерзаттың отбасының мүддесін кімдер қорғайды?

Сотта Марқұм Шерзат Болаттың отбасының мүддесін Мейірман Шекеев жетекшілік ететін алты адвокат қорғайды. Олар: Жандос Палманов, Әлім Мұстафаев, Дина Досаева, Нұрболат Ібраев, Бақдат Амандосұлы және Бекзат Мязов.

Істе неше адам күдікті ретінде танылды?

Еске салайық, бұған дейін Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов баласының өліміне қатысы бар деген күдіктілерге қатысты қосымша арыз дайындап жатқанын хабарлаған едік. Бұл туралы жәбірленуші тараптың жаңадан қосылған адвокаты Мейірман Шекеев мәлімдеді. 

“Іс материалдарымен таныса келе, біз бұл қылмыстық іс аясында азаматтық талаптың берілмегенін анықтадық. Қазір сол талапты әзірлеп жатырмыз. Бұл әрекет Қаржаубай мырзаға қаржылай өтемақы алу үшін емес, қамауда отырған күдіктілерге үкім шыққан соң олардың мерзімінен бұрын босап кетуіне жол бермеу мақсатында жасалып отыр”, – деді Шекеев.

Оқиға орнында болған екі қыз қайда?

Адвокат қоғамда қызу талқыланған бір сұраққа да жауап берді.

“Халықты алаңдатып отырған маңызды сұрақтардың бірі – оқиға орнында болған екі қыздың тағдыры. Олар әлеуметтік желілерде күдікті ретінде көрсетілгенімен, іс материалдарына сәйкес, тек куәгер ретінде жауап берді”, – деді қорғаушы.

Мейірман Шекеевтің айтуынша, бұл қылмыстық іс бойынша 9 адам күдікті ретінде танылған. Соның ішінде біреуі – кәмелет жасына толмаған. Оған Қылмыстық кодекстің 434-бабы — қылмыс туралы хабарламау бойынша айып тағылған. Ал жәбірленушілер саны – алты. Олардың екеуі – Шерзат пен Нұрқанат.


Рекомендовать
Последние новости