Шерзат ісі: Адвокат Шекеев тергеу қорытындысы жайлы айтты

Қаракөз Амантай 28 мар. 2025 12:23 14770

Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Заңгер Мейірман Шекеевтің айтуынша, бастапқыда 11 адам күдікті ретінде қарастырылған. Алайда қазіргі таңда іс бойынша тоғыз адамға ғана айып тағылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Біздің қолымызға түскен іс материалдарына сәйкес, шын мәнінде 13 адам болмаған. Алғашында 11 күдікті туралы айтылды, бірақ қазіргі таңда іс бойынша 9 адам айыпталушы болып отыр. Олардың біреуі – кәмелет жасқа толмаған азамат. Қазіргі таңда тек осы азаматқа ғана қылмыстық іс туралы хабарламалық айып тағылды. Қалғандарына Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылып отыр, ал екі күдіктіге адам өлтіру фактісі бойынша айып тағылды”, – деді адвокат.

Сондай-ақ ол Қаржаубай Нұрымовтың бұрынғы және қазіргі қорғаушылары арасында ешқандай дау-дамай жоқ екенін атап өтті.

“Қаржаубайдың отбасы да, біз де бұрынғы адвокаттардың еңбегін жоққа шығармаймыз. Бірақ қазіргі таңда олардың берген сенімхаттары кері қайтарылды. Алайда әлеуметтік желіде кейбір адамдар адвокаттар бір-бірімен араздасып жатыр деп жалған ақпарат таратуда. Бұл шындыққа жанаспайды,” – деп түсіндірді Шекеев.

Адвокаттың айтуынша, қылмыстық іс 26 наурызда Алматы облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түскен.

Айта кетейік, бұған дейін тергеу барысында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Күдіктілердің айғақтары мұқият тексеріліп, сегіз бейнежазба сарапталған. Қылмыстық істің жалпы көлемі – 62 том.

Қазіргі таңда іс бойынша тоғыз адам күдікті деп танылған:

• Шыңғыс Белгожаев

• Дархан Әскентай

• Нұрқияс Ильясов

• Равиль Сакиев

• Нұрбол Тоқтаубаев

• Дидар Қалиахмет

• Азамат Тоқтаубаев

• Думан Ысқақ

• Абзал Шынасыл

Бұған дейін тергеу органдары күдіктілер саны 11 деп хабарлаған болатын.

Тергеудің барлық кезеңдерінде заңдылық пен объективтілік сақталғаны айтылды. Процесс прокуратура органдарының бақылауында болды.

Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанында Талғарда 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат қаза тапқан еді. Кейіннен оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев та өлі күйінде табылды.


Рекомендовать
Последние новости