Шенеуніктер кабинетіне арналған креслосын қаншаға сатып алып жүр?

Көркем Алдабергенова 30 июл. 2025 09:34

Аудан мен ауыл әкімдерінің «ыңғайлы креслоларға» бюджеттен қанша қаржы жұмсап жүргені және қанша жұмсауға дайын екені анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Түркістан облысы: басшылық креслосына 194 мың теңге

22 шілдеде Түркістан облысы Сайрам ауданы әкімінің аппараты «басшы креслосын» сатып алуға тендер жариялады. Бұл мақсатқа бюджеттен 194 мың теңге бөлінген.

Техникалық сипаттамада креслоның металл, ағаш және табиғи былғарыдан жасалуы тиіс екені көрсетілген. Қолды тірейтін орынның материалы - «жаңғақ ағашы/табиғи былғары» болуы керек.

Төрт қатысушы бақ сынаған конкурс 24 шілдеде аяқталып, креслоны 155 мың теңгеге ұсынған жеке кәсіпкер жеңімпаз деп танылды.

Атырау облысы: ауыл әкімі 250 мың теңгелік креслоға тапсырыс берген

21 шілдеде Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамбыл ауылдық округі әкімінің аппараты да «басшы креслосын» сатып алуға конкурс жариялады. Ұйымдастырушы - округ әкімі Оспан Аронов. Жоспарланған сома - 250 мың теңге.

Техникалық сипаттама бойынша әкімдік «классикалық үлгідегі жоғары сапалы, сәнді креслоны» алуды көздеген. Материалы табиғи былғары, қаңқасы металл мен ағаш. Ағаштан жасалған қолтіректер экокожамен қапталуы мүмкін.

Конкурс екі күнге созылып, 23 шілдеде аяқталған. Сегіз үміткер қатысқан байқауда жеңімпаз креслоны 148 мың теңгеге ұсынған кәсіпкер болды.

Курчатов қаласы: басшы креслосына 150 мың теңге

11 шілдеде Курчатов қаласының экономика және қаржы бөлімі де «басшы креслосын» сатып алуға конкурс жариялады. Бөлінген сома - 150 мың теңге.

Техникалық сипаттамада бұл кресло «басшының жұмыс орнын жабдықтауға арналған» және «ұзақ уақыт бойы жұмыс істегенде жайлылықты қамтамасыз етуі керек» делінген. Бұл жолы табиғи былғарыдан бас тартылып, «премиум санаттағы жасанды былғары» таңдалған.

Бірінші тендерге қатысушылар болмаған соң, сатып алу «сәтсіз өткен сатып алу бойынша бір көзден» тәсілімен өтті. Бұл жолы қатысушы ретінде мүгедектер ұйымы саналатын «Өскемендік УПП» мекемесі таңдалған.

Сонымен қатар, әкімдік креслодан бөлек, жалпы сома 1 113 928 теңгеге тең болатын жиһаз жиынтығын сатып алуды жоспарлаған: үстел, үстелге қосымша құрылымдар, шкаф және екі кеңсе креслосы. Соңғы келісімшарт сомасы 1 110 000 теңгені құрады.

Құрманғазы мен Жармыш: кресло бар, жеткізуші жоқ

25 шілдеде Атырау облысы Құрманғазы ауданы әкімінің аппараты рециклделген (ұсақталған былғары негізінде жасалған) материалдан жасалған алты кресло сатып алуды жоспарлады. Бөлінген қаражат - 803 мың теңге (бір креслоға 133 мың теңге).

Алайда 29 шілдеге дейін бірде-бір жеткізуші өтінім бермеген. Енді сатып алу «бір көзден» тәсілімен өтуі мүмкін.

Ұқсас жағдай Маңғыстау облысы Жармыш ауылында да тіркелді. Мұнда 25 шілдеде бір креслоға 250 мың теңге бөлінген, алайда 29 шілдеге дейін жеткізуші табылмаған. Тиісінше, бұл жердегі тендер де қайта жариялануы мүмкін.

Әкімдіктер басшыларға креслоны арзанға ала ала ма? Иә, мысалы, Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылдық округінің әкімдігі 1 шілдеде кресло сатып алуға 42 мың теңге бөліп, техникалық сипаттамасын қысқа әрі нақты берген: «компьютерлік кресло, жиһаз, қара түсті». Креслоны 36 мың теңгеге ұсынған жеке кәсіпкер жеңімпаз болды.

10 шілдеде Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Берлік ауылдық округінің әкімдігі креслоға 85 мың теңге бөлді. Материал экобылғары, қолтіректері жұмсақ төсемді пластик. Сатып алу «бір көзден» тәсілімен өтіп, «САРА» ЖК бастапқы бағада жеткізіп берген.


Рекомендовать
Последние новости