Шаруалар үшін жеңілдетілген лизингті қаржыландыру көлемі 450 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады

Кәмшат Тілеухан 09 июн. 2025 12:21

Үкімет ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту мақсатында (Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы) мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын белсенді түрде жүзеге асыруда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ең маңызды ынталандыру – бұл инвестициялық субсидиялау бағдарламасы, оның аясында шаруаларға сатып алынған техника құнының 15%-дан 30%-ға дейінгі бөлігі өтеледі (техниканың басымдық деңгейіне қарай). Қосымша қолдау ретінде – сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жүзеге асырылады: басым техника бойынша 6%-ға дейін, ал қалған түрлері бойынша 15%-ға дейін. Сонымен қатар техникаға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы да қарқынды дамып келеді, ол шаруаларға жылдық 5% мөлшерлемемен техника алуға мүмкіндік береді.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, республикамызда 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 5,6 мың егіс кешені, 71 мың тұқым сепкіш және 141 мың топырақ өңдейтін құрал бар. 2024 жылы техника паркін жаңарту деңгейі 5,5%-ды құрап, 2023 жылғы көрсеткіштен (4,5%) айтарлықтай жоғары болды. 2025 жылға арналған міндет – жаңарту деңгейін 6,5%-ға дейін жеткізу. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы техникасы паркін технологиялық тұрғыдан заманауи деңгейде ұстау үшін жаңарту көрсеткішін 8-10%-ға дейін жеткізу қажет.

Министрлік 2028 жылға дейін техника паркін жаңарту деңгейін 9%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингі бағдарламасын қаржыландыру көлемін 450 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланған.

Бүгінде машина-трактор паркін жаңартуды жеделдету бойынша қабылданып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары өз тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл оң серпінді сандар да растайды: егер 2017 жылы небәрі 8,5 мың бірлік техника сатып алынған болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 22,1 мың бірлікке жетіп, көрсеткіш 2,5 есеге артты.

Әсіресе, "Жеңілдетілген лизинг" бағдарламасы аясындағы ілгерілеу айқын байқалады: 2025 жылы аталған бағдарламаға кемінде 250 млрд теңге бөлініп, шамамен 6 мың бірлік техника сатып алынады. 24 ақпаннан бастап – өтінімдер қабылдау басталған күннен бері "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ға 3555 өтініш келіп түсті, олардың жалпы сомасы – 129,2 млрд теңге. Қазірдің өзінде 2400 шарт жасалып, жалпы құны 85,7 млрд теңге болатын 4580 бірлік техника жеткізу жоспарланған.

Заманауи егіс кешендері ағымдағы егіс науқанына да белсенді тартылған – 5,6 мың бірлік техника дәнді дақылдар егістігінің 70%-ға дейінгі аумағын қамтиды. Бұл – John Deere, CLASS, RSM секілді жетекші жаһандық брендтердің техникасы. Олар дәл егіншіліктің заманауи жүйелерімен жабдықталған: GPS, автопилоттар, тұқымды, тыңайтқыш пен гербицидті дәл себу жүйелері.

Егіс жұмыстары үшін маңызды фактор – жанар-жағармай материалдарымен (ЖЖМ) үздіксіз қамтамасыз ету. 2025 жылы егіс жұмыстарына 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. 2024 жылы – 376,4 мың тонна. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінен барлығы шамамен 17 мың өтінім келіп түсті. Бағаны реттеу шараларының арқасында дизель отынының соңғы бағасы литріне 254 теңгені құрады – бұл нарықтық бағадан 15–20% төмен (АЗС-те – 301-307 теңге/литр).


Рекомендовать
Последние новости