Шардараның қарбызы экспортқа шығады

Dalanews 07 июн. 2017 11:36 1153

Шардаралық шаруалар алғашқы бақша өнімін жинауды бастады. Өткен аптада Жаушықұм ауылдық округінде дарбыз еккен диқандар алғашқы 30 тонна өнімді Ресейдің Якутия автономиялық республикасына сатылымға жөнелтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

2 гектар алқапқа жамылғы астына ерте пісетін дарбыз тұқымын отырғызған «Бағдат» шаруа қожалығының диқандары пленканы қос қаптама түрінде жауып шыққан екен. Бірінші болып егістік алқаптан өнім артқан қожалық төрағасы Б.Шыназбаев әр гектарынан кем дегенде 40 тоннадан дарбыз алудан үмітті.

Аудан бойынша жаушықұмдық шаруалар жамылғы астына өнім егуден алдыңғы орында тұр. Ауыл әкімі Серік Махамбетовтің мәліметінше, қазіргі таңда 3312 гектар аумаққа бақша дақылдары егілген. Мұның 100 пайызы жамылғы астында өсіріліп отыр.

Көктем басталысымен қарбалас тірлікке көшетін диқандар қауымы пленка астына дақыл егудің шығыны әр гектарына 500 мың теңгені шамалайтынын айтады. Дегенмен, сатуға ерте шығарып үлгерсе, шыққан шығынның орны толады. Ерте піскен дарбыздың килосы 100 теңгеге жуық бағадан сатылды.

Ең бастысы, шардаралық шаруалар биылғы жылы шегіртке шабуылынан аман. Күнделікті қадағалаудың арқасында зиянкестермен күрес өз деңгейінде жүргізіліп, диқандардың алаңсыз тірлік жасауларына мүмкіндік туды.

 

Рекомендовать
Последние новости