"Шантаж жасауды қойыңдар" Депутат жеке меншік мектептерге қатысты батыл мәлімдеме жасады

Сағыныш Сардарова 12 нояб. 2025 11:58

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жеке меншік мектептерге қатысты батыл мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, жекеменшік мектептердің 57%-ы заман талабына сай емес.

"Мұны Жоғарғы аудиторлық палатаның тексерісі дәлелдеді. Қолымызда анықтама бар. Ғимараттардың сапасы сәйкес келмейді, арнайы салынбаған, санитарлық талаптар, балалар отыратын бөлмеде таза ауа (вентиляция), температуралық нормалар, күн сәулесінің түсуі, өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Оқу стандарттары бойынша құрал-жабдықтар - лабораториялар, арнайы кабинеттер, компьютерлік технологиялар жетіспейді. Мұғалімдердің білім дәрежесі сәйкес емес. Оқымаған баланы оқыды деп есеп берген. Өкінішке қарай, соңғы жылдары Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Қаржы орталығы арқылы жеке мектептердің қаржысы тексерілмей төленген. Артық, заңсыз кеткен қаржы қайтарылмаған. Мектеп иелеріне іс қозғамаған, миллиардтаған ұрланған ақшаны әлі қайтармаған", - деді депутат.
Мұрат Әбеновтің айтуынша, жаңадан келген министр Жұлдыз Сүлейменова қаржылық тәртіп орнатуды қолға алған.
"Өзі батыл және таза адам. Жұлдыз қарындасымыз білім саласының алаяқтықпен нанын жеп жүрген қылмыстық топтарының ешқандай үгіт-насихатына көнбейді, қорқытам дегендерге бас имейді.
Шантаж жасауды қойыңдар. Мұғалімдер арқылы айқай-шу шығарып, жасалмаған жұмыстар үшін ақшаны мәжбүрлеп төлетеміз, БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы жауапты тұлғаларды қорқытамыз деп әрекет жасағандар, отпен ойнамаңдар. Жаңа министрдің тәртіп орнатамын деген барлық талабын толық қолдаймыз. Өз тарапымнан бүгін Бас прокуратураға және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арнайы тексеру туралы талап жолдаймын", - деді ол.
 
Депутат білім саласын бизнеске айналдырмауға шақырды.
"Кім заң бұзса, жауап беруі керек, ешқандай кешірім жоқ. Білім саласы бизнес емес, бұл сала - балаға сапалы білім мен жақсы тәрбие беру. Қолыңнан келмей ме, айналыспа. Ақша салдым, міндетті түрде пайда табуым керек деген ұстаным қате", - деп түйіндеді.

Рекомендовать
Последние новости