«Серпін» бағдарламасы бойынша 2020 жылы 5107 гранд бөлініп, тек 979 студент оқуға қабылданған

Dalanews 20 апр. 2022 10:48 991

Түркістан облысында «AMANAT» партиясының өңірлік филиал жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі Қоғамдық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Оған аймақтық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті Жастар ресурстық орталықтарының басшылары, облыстық студенттер альянсы мен жоғарғы оқу орындарының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңес отырысында жастардың түрлі санаттары бойынша өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасының маңыздылығы талқыланды. Аталмыш бағдарлама аясында тиісті өңірлердегі ЖОО-ның мамандарын шақыртып, облыстың шалғай ауылдарында мобильді ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуге қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды.

Жалпы «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы 2014 жылдан бастап іске асып келеді. Дегенмен бағдарлама өз деңгейінде нәтиже көрсетпеуде. Осы мәселе жайлы көзқарасын білдірген Б.Тәжібаев ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жастардың да араласқаны жөн деп деп санайды.

– Ішкі-көші қон тақырыбын жиі қозғаймын. Себебі халықтың тұрмыс-жағдайын көтеруге, жастардың білім алуына жағдай жасалған «Еңбек» және «Серпін» мемлекеттік бағдарламаларын ұтымды пайдаланған жөн. Бірақ насихат жұмыстарының төмен болуының әсерінен оқу гранттары игерілмей, басқа өңірлердің жастары мүмкіндіктен айырылып отыр. Өйткені жыл сайын бөлінетін гранттардың саны 5000-ның үстінде. Мысалы 2020 жылы 5107 гранд бөлінсе, 979 студент оқуға қабылданған. Бұл тым төмен көрсеткіш. Бағдарламада тұрақты жұмыспен қамту жағы да қарастырылған. Осы ақпараттарды біздің облыстың тұрғындарына жеткізу жұмыстарына белсене арласып, ауыл-аймақтағы мектеп бітірушілерді, олардың ата-аналарын құлақтандырсақ бағдарлама оң нәтижесін көрсетеді. Ең бастысы жастар арасында жұмыссыздық проблемасы да азаяды, – деді ол.


Осы мәселені жалғаған Созақ аудандық Жастар орталығының директоры Ж.Төлепберген өңіріміздің шалғай ауылдарында мобильді ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар талқыға салынған тағы бір мәселе жастарды баспанамен қамту жайы. Түркістан қалалық мәслихат депутаты Н.Жүсіпбаев пен Түлкібас аудандық «Jas Otan» ЖҚ-ның төрағасы И.Жолбасханов жалдамалы тұрғын үй мәселесі тиісті атқарушы органдармен бірлесе шешілсе дейді. Себебі олардың айтуынша Түркістан облысы республика бойынша жастар көп шоғырланған аймақ болғандықтан оларды жұмыспен және баспанамен қамту, жалпы жағдай жасау маңызды.

Жиын барысында Қоғамдық кеңестің жаңа төрайымы Динара Егамбердиева студенттердің оқу жағдайын қадағалау мақсатында алдағы уақытта мониторингтік топ құрылып, оқу орындары мен жатақханаларға тексеру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ өңірде «Жасыл ел» жобасы аясында маусымдық жұмысқа бөлінген 1150 орынға NEET санатындағы және өзге де жұмыссыз жастарды шақыру көзделіп отырғанын хабарлады.

Келесі кеңес отырысы мамыр айына жоспарланды. Оған дейін жастар тарапынан түскен ұсыныстар мен сұрақтар топтастырылып, күн тәртібіне енгізілмек.

 

Рекомендовать
Последние новости