Сенатор оқушылардың тамақтану мәселесіне алаңдаушылық білдірді

Қаракөз Амантай 06 дек. 2024 12:40 1702

Парламент Сенатында өткен “Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі құрамдас бөлігі” тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда сенатор Амангелді Төлемісов мектептердегі тамақтану мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сенатордың айтуынша, бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін тамақ берілгенімен, мектептердегі тамақ сапасы алаңдаушылық тудырып отыр. Атап айтқанда, азық-түліктің сапасы, тамақ дайындау деңгейі және мәзірдің әртектілігі талапқа сай емес. Сонымен қатар бақылаудың жеткіліксіздігі оқушылар арасында түрлі аурудың таралу қаупін арттырып, тіпті улану жағдайлары да кездесіп жатыр.

“Биыл мектепте тегін тамақтанған 578 бала уланды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Осыған байланысты қандай шаралар қабылданып жатыр?” – деп сауал жолдады сенатор.

Бұл сұраққа Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жауап берді.

Оның айтуынша, биыл улану оқиғаларына қатысты премьер-министрдің тапсырмасымен Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктері жергілікті билікпен бірлесе отырып барлық мектепте мониторинг жүргізген.

Тексеру нәтижесінде мектептердің 12%-ында, яғни 840 мекемеде түрлі заңбұзушылық анықталған. 24 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 іс бойынша материалдар прокуратураға жолданған. Алайда Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру алдын ала ескерту арқылы ғана жүргізіледі, бұл кейбір заңбұзушылықтарды анықтауға кедергі келтіруде.

Вице-министр жаңа әдістерді ұсынатынын айтты. Біріншіден, балалар мекемелерін ерекше бақылауға алынатын нысандар қатарына енгізу қажет. Екіншіден, мектептерді ескертусіз тексеруге мүмкіндік беру керек. Сонымен қатар, ЮНИСЕФ және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесе отырып, балалардың тамақтану стандарттарын қайта қарау жұмыстары басталған. Осы жылдың соңына дейін мектептердегі жаңа мәзір бекітіледі деп жоспарлануда.

Сұлтанғазиев бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін депутаттардың қолдау қажет екенін атап өтті.


Рекомендовать
Последние новости