Сенатор аударма бюросына араша түсті

Dalanews 03 дек. 2020 10:23 1029

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ғылыми және көркем әдебиеттің аударма ісін тоқтатпауды сұрады. Сенатор Үкімет басшысына жолдаған сауалында осыған дейін ұлттық бағдарлама аясында жұмыс істеп келген «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры қызметін еліміздің бір топ белгілі ғалымдарымен бірге жан-жақты талдау жүргізгенін атап өтті.

– Көптеген сыни пікірлерге қарамастан талдау және сараптау барысында аз ғана уақыт ішінде қыруар жұмыс жасалғанына көз жеткіздік. Аталмыш жобаның арқасында қазақстандық гуманитарлық білім мазмұны толықтай жаңарып, жаңа деңгейге көтерілді, – деді сенатор.

Сенат депутаты «100 жаңа оқулық» жобасын «Болашақ» бағдарламасының ауқымды жалғасына теңеді. Аталмыш бағдарлама аясында осы уақытқа дейін қазақ тілінде болмаған, мүлде жаңа салаларды таныстырды.

«Сондықтан да еліміздігі жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің 70%-ы мемлекеттік тілде білім алатындығын ескере отырып, жоба аясында жинақталған қыруар білім мен тәжірибені жоғалтып алмау үшін еліміздегі ғылыми және көркем аударма жұмысын жалғастыру қажет деп санаймыз» - деді Мұрат Бақтиярұлы.


Депутат қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы «Жаңа білім» деген жалпы атаумен жалғасуы тиіс деп есептейді. Және оның ауқымын кеңейту мақсатында жыл сайын аударылып басылатын кітаптар тақырыбын үш негізгі бағыт: жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары, әлемдік көркем әдебиет үлгілері, публицистикалық және іскерлік әдебиет үлгілері бойынша топтастыруды ұсынып отыр.

Осы уақытқа дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі тармақтарының бірі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 2017 жылдан бері 77 оқулық аударылып оқу орындарына таратылған болатын. Қалған 23 оқулықты аудару, басу және тарату жұмыстары биылғы жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Рекомендовать
Последние новости