Қазақстанда үлескерлердің құқықтарын қорғау шаралары күшейтілуде. Бүгін Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына, автомобиль жолдары мен инватаксиге үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды мақұлдады. Ондағы жаңашылдықтың бірі - енді үй сатып алу кезінде есеп-айырысу қолма-қол ақшамен жүргізілмейтін болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл арадағы басты мақсат - үлескерлердің құқықтарын қорғау шараларын күшейту, үлестік құрылыс саласында тәртіп орнату және әлеуметтік маңызы бар қызметтердің қолжетімділігін арттыру.
Заңдағы жаңашылдықтар:
- Барлық үлестік қатысу шарттарын бірыңғай ақпараттық жүйеде міндетті түрде тіркей отырып, жазбаша және электрондық нысанда жасауға рұқсат етіледі;
- Шартта үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат етілген күні мен нөмірі міндетті түрде көрсетілуі тиіс;
- Құрылысқа рұқсаты немесе бірыңғай оператордан алынған кепілдігі жоқ объектілер бойынша ипотекалық несие тіркеуге және төлемдерді қабылдауға тыйым салынады;
- Рұқсаты жоқ құрылыс нысаны бойынша алдын ала келісімшарттар жасауға және оны жарнамалауға тыйым салынады,
- Барлық ақшалай есеп айырысулартек қолма-қол ақшасыз жүргізілуі тиіс;
- Үй салу құрылысын ұзарту мерзімі 9 айдан 5 айға дейін қысқартылды;
- Құрылыс салушылардың ең төменгі тәжірибесі 5 жылдан 3 жылға дейін және салынған тұрғын үй алаңына қойылатын талаптар төмендетілді - бірақ белгілі бір шарттар орындалған жағдайда ғана (мысалы, каркасы аяқталғанда немесе банктің/бірыңғай оператордың қатысуы болғанда);
- Шағын қабатты құрылыс (соның ішінде жеке тұрғын үй кешендері) нысандары да енді үлестік тұрғын үй құрылысына қатыса алады;
- Құрылысшыларды тексеру және олар туралы кеңес алу үшін Үлескерлерді қолдау орталығы құрылады.
Сондай-ақ аталған заңда автожолдардың сапасын жақсарту шаралары қарастырылған:
- жол материалдарын есепке алудың бірыңғай жүйесі құрылады;
- мердігерлер біліктілігін арттыруға міндеттеледі.
Сондай-ақ әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарды (инватакси) тасымалдау бойынша цифрлық сервис қолданысқа енгізіледі. Жеткізушілер болмаған жағдайда қызмет мемлекеттік сатып алу арқылы көрсетілетін болады.