Атырауда қалада кеңінен танымал блогер және кәсіпкер әйелге қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Ол алаяқтық жасады деп танылып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот құжаттарында көрсетілгендей, 2024 жылдың 4 наурызынан 12 сәуіріне дейін блогер мен оның құрбысы бір танысын инвестицияға ақша құюға үгіттеп, алдап, ірі көлемде қаражат аудартқан. Олар инвестициялардың жоғары пайда әкелетінін айтып сендіріп, жәбірленушіні әртүрлі күндері түрлі сомаларда ақша аударуға көндірген. Әйелдер ұзақ уақыт бойы жәбірленушімен байланыста болып, инвестициялардың табысты жүріп жатқанына сендіру арқылы ақпараттық иллюзия жасаған.
Ер адам жылдам байып кетуді көздеп, 33 миллион теңгеден астам қаржы аударған. Оның бір бөлігін түрлі банктерден несие ретінде алған, сондай-ақ өзіне тиесілі алтын бұйымдары мен қымбат көліктерін ломбардқа өткізіп, қаражат тапқан. Алайда уәде етілген табысқа қол жеткізе алмаған.
Бұл әрекетпен тоқтамаған әйелдер гүл сатумен айналысатын бірнеше кәсіпкерді де алдап, олардан тегін гүл алуға көндірген. Сот мәліметіне сүйенсек, гүлдерді алғаннан кейін, айыпталушылардың бірі Instagram парақшасында оларды жариялап, "Мистер Х-тен келген сыйлық" деп жазған. Бұл әрекеттер нәтижесінде бір кәсіпкер 634 мың теңге, ал екіншісі 3,3 миллион теңге шығынға батқан.
«Айыпталушылардың алаяқтық жасағаны іс материалдары, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, геолокация деректері, банктік аударымдар туралы мәліметтер, тергеу амалдарының хаттамалары мен заттай айғақтар арқылы дәлелденді», – делінген сот үкімінде.
Сот барысында блогер де, оның құрбысы да айыптарын мойындап, өкініш білдірген. Нәтижесінде сот екеуін де кінәлі деп танып:
блогерге 6 жыл 6 ай мерзім,
оның құрбысына 5 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық тәртіппен шағымдануға болады.